Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  121


Автор: Мөлдір Дарханбаева

Шырақ жағушым

Ұққан жанымды ерекшем елік, ақ киік,
Өзің ғой еркем,
беретін балдай сәтті үйіп.
Тағдырда мынау тосыннан түскен жарығым,
Басыма берші,
Ешкімде жоқ бір бақ құйып...
Алдыңда сенің кеткендеймін-ау шын түлеп,
Сананың бәрін,
түгін қалдырмай сілкілеп...
Түсіндің бәрін, түрің де қашпай,
Түнермей
Кенеттен кетсем, бұлтым үйіріліп, сіркіреп...
Арқыраса ашу, салқынқандылық танытып,
Көңіліңде де қалмады өкпенің табы түк.
Алтын мінезді,
Жүрегі аппақ ардақтым
Жаны-береке, тәні-құт.
Шырақ жағушым,
Күндерге мынау сұр кілең,
Жұлдыз тағушым,
Түнге де жүдеу, мүлгіген...
Қолыңнан ұстап, өмірдің ең ең қисынсыз
Тұңғиығына қорықпай бірге сүңгір ем...
Ақыл қосарым,
Арқа сүйерім, ең сенген
Өзіңмен бірге сындарды сексен еңсергем.
...Жанымды менің жегідей жейді бір сұрақ...
Әттең-ақ неге, күндеріміз біздің өлшенген?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу