Өлеңдер ✍️

КІСІЛІК
Келмейді ешкімді де ренжіткім,
Кейде өзім де елге артық ренжіппін.
Бағалай білер болсаң басқаларды,
Белгісі бойыңдағы бір ерліктің.
Келмейді ешкімді де өкпелеткім,
Өзім де өзгеге артық өкпелеппін.
Көңілінің көк айдынын көлбіретіп,
Сырласа сыйлағанды жек көред кім.
Келмейді ешкімді де кінəлағым,
Кей кезде мен де өтірік күле аламын.
Кім мəңгі араласам деп ойламас,
Өмірдің өзі ұнатқан Гүл алабын.
Келмейді ешкімге де міндетсігім,
Менің де жоқ шынымен сынды естігім.
Өзі боп ойлап соның түсінер ем.
Көрсетіп қалғанда ел күндестігін.
Келмейді ешкімге де жағымсығым,
Арайлап атқан əр күн таңым- шырын.
Қоңызбен де, қоймен де тағдырласпын,
Айналайын бұл менің жаным- сырым.
Келмейді ешкімге де жұмбақтанғым,
Досқа да, дұшпанға да сырды ақтардым.
Дүниеде қалған жоқ құпиялық,
Жаным- ау, сен несіне құндақталдың.
Қалтарыс қара жолда сұмдық толған,
Қашан да қасиетті шындық қорған.
Пенделік пейілдегі сенің сырың,
Кітап боп баяғыда шығып болған.
Тек қана аялай біл ақ таңыңды,
Ешкім де елемейді мақтаныңды.
Қалайда есіңе ала жүргенің жөн,
Қайталап өткен ізді жатқаныңды.
Өмірге енді бастан келе алмаймын,
Ендеше, өзімді
-өзім неге алдаймын?
Кісілігі бар жанның түсінігі –
Жоқ дегенге əрқашан сене алмаймын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter