Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  169


Автор: Серік Әбіл

САҒЫНДЫМ, АҒА

Қазан айы құс қайтты жылы жаққа,
Енді еркеңнің оқылар жыры жатқа.
Ақыл айтып жатасың, жаным аға,
Кейде тіпті түсіме кіріп ап та.
Қайтқан қазға тұрамын қимай қарап,
Сезім шіркін, кеудеге симай барад.
Топ- топ болып жүретін Жетаралдың,
Сағындырды шілі де шимай қанат.
Сағындырды сары күз сартақтайды,
Туған жері кімдерді аңсатпайды.
Əйтеу менің əнге əуес жүрегімді,
Шалқар елдің шабыты шаршатпайды.
Ұшып өткен төбемнен қаз қатары,
Жүрегімнің жыр отын маздатады.
Аға, саған сол сəтте айтқым келер,
Ар жағымда бөлек бір наз жатады.
Дұшпаным көп, жан аға, досым аз ғой,
Қуат берер ініңе қосын аз ғой.
Бекежаннан қансырап жатқанында,
Сəлем айтқан Төлеген осы қаз ғой.
Осы қаз ғой қалқыған Үліңгірдей,
Қанат қаққан менің де жырым бірге.
Қайтқан қазға ұқсайтын түйелі көш...
Ұмытқам жоқ солардың бірін мүлде.
Қалай, аға, бұл жылы қырдағы дəн,
Сый алдың ба далаңның сырмағынан.
Мынау біздің қапырық қаламызда,
Биылғы күз бөлекше жылдағыдан.
Леп еседі өзгеше өпкен желден,
Кей күндері сияқты көктем келген.
Күз көктемге ұқсаса несі жақсы,
Жеміс алу керек қой текке терден.
Мейлі қандай дегенмен қыс таяды,
Істемейді бұл күнде күш баяғы.
Отардағы оттарға мосы болар...
Үш қазақтың жаздағы үш таяғы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу