Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  149


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Қу қиялым, қума менi...

Қу қиялым, қума менi,
қияндарға есiмдi ап.
Сенсiз де өмiр думан едi,
Қоясың ба сесiмдi ап…
Шайыр iшкен шарап дəмiн
Көп таттым ба осы мен?
Аш қасқырдай жалақтадым
Қу тiршiлiк көшiмен.
Өлең болып, өмiр болып
Шаршатқанда осы күн,
Тоқтап қалып темiр көлiк
Қондырады қосының.
Қойнауыңа енемiн кеп
Тəттi аңсаған баладай.
Қолдауыңа сенемiн көп
Жоқты аңсаған данадай.
Бала күнмен қоштассам да,
Басымда əлi сен жүрсiң.
Дана кiммен достассам да,
Қасымда əлi сен жүрсiң…
Менен мəңгi қалмайтұғын,
Көлеңкемсiң бəлкiм сен?
Тiрлiгiмдi жалғайтұғын
Кең өлкемсiң бəлкiм сен?
Көнтерi боп алған едi,
Қулығы жоқ қу жүрек.
Апо-а-ау, неткен жалған едi,
Сенсiз ол да су жүрек…
Наурыз
Шағылысып бұлтқа-бұлт,
Көктен рахман жаңбыр жауады.
Ағылысып жұртқа-жұрт
Ақ ниет пен ақ тiлегiн сауады.
Туып, өсiп-өнетұғын
Жанды-жансыз дүние,
Жұп жарасқан бiр өмiр.
Тылсым күш пен сиқырына кiм ие,
Қасиетiн терең танып, бiле бiл…
…Құдыретiне бас иер,
Жандыда мылқау балық бар.
Жансызда Самарқанның көк тасы.
Естiде есi шыға қуанған халық бар,
Басынан бiр түспеген тiршiлiк ноқтасы.
Алты ай қыста күнiне мың өлiсiп,
Қиындыққа шыдайтын да со халық.
Бiр-бiрiмен төс түйiстiрiп көрiсiп,
Қуаныштан жылайтын да со халық.
…Сол халықтың аңсары
Ақ тiлек боп Наурыз тойға ауып тұр.
Тəттi əуендей тамылжыған таңсəрi
Көк емшегiн сауып тұр…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу