Өлеңдер ✍️
Ақбүркей салған əпекем...
Ақбүркей салған əпекем,
Айналып келсем – жат екен.
«Шыққан қыз – шиден əрiң ме?
Шырылдап жазған хаты екен…
Боздап бiр айтқан сөзi екен.
Баурына жеткен көзi екен.
Күмiс те емес, қар да емес,
Басына тартқан бөз екен…
Самайын шалған ақ екен,
Маңайы – қалған тақ екен,
Айналып келсем алты жыл,
Ақбүркей салған уағы екен…
Бергегi қалған белдеуде.
Белдеуде бозы шөлдеуде.
Иесiмен бiрге кетпеген
Бола ма оған «өл» деуге?
Шұрқырайды кеп жануар,
Шұрқырауының мəнi бар.
Шырылдап жатса иесi,
Шашатын бұның қаны бар.
Тұлданар жал мен құйрығы,
Тағдырдың салған бұйрығы.
Талайлы жүйрiк бұл едi,
Заманның озды жүйрiгi…
Айналып келдiм алты жыл,
Өзiңдей мен де жалқы бір.
Өзiңнен артық көретiн
Өндiрiн жоқтап халқы жүр.
Ақбүркей салған əпекем
Боздауға басқан сəтi екен:
«Бозаңға салған ұясын
Бозторғай неге шат екен?…»
«Бес бiлезiк, бес таспа,
Ие болмадым мен қасқа.
Иек асты аз күнде
Жаралған ең жолдасқа
Жоғалтып алдым мен қасқа…»
Ақбүркей салған
Аңырап қалған,
Жылатқан Жалған – əпекем.
Мəңгiлiк арман,
Жүрекке толған
Жастайдан солған – əпекем…
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter