Өлеңдер ✍️
Қапталыма ер батты...
Қапталыма ер батты –
Қажай-қажай қабырғамды алдырттым.
Қыр арқама жер батты –
Қабаттап көрпе салдырдым.
Жыңғылдан шыңғақ оқ жондым
Опырмалы мылтық қайда бар?
Тасасынан атса тоқ жонның,
Омыртқама жебе байланар.
Жауған нөсер, соққан жел
Желе-желе жiлiк майым жұқартты.
Қасқыр қуар қақпан бел
Жортуылға жиналғанда құны артты.
Жыламақ бұйрық болмады,
Жолға мiнер арғымақты таңдадым.
Жер бауырлап қашқан тұйғын қонбады,
Көл жайқаған қудың мойнын қандадым.
Шөлдегенде жұтқаным
Жер сыйлаған жеңдi бiлектей су болды.
Өлмегенде ұтқаным
Ерген сөз бен шу болды.
Жол үстiне от жақтым,
Қызуына қарсыладым қолымды.
Мезгiлiмен басы толып бақбақтың,
Ұшқан желмен ұлпа болып бөлiндi.
Дүйiм жұртты дақпыртыммен дулаттым,
Топтан озды тақым артқан тарланбоз.
Ерiн алып аунаттым, жүгенiн ап қунаттым
Күн мөрленер болған кез.
Көрiп алған көрiктi
Күнiкейдiң күлкiсiне ерiдiм.
Сүйiп алған сүйiктi
Тосты үзiлiп уылжыған ерiнiн.
Өттi осылай өмiрiм,
Өттi жəне дүниенiң сағымы.
Соны қуған қайран менiң көңiлiм
Маңған Айдың мəңгiлiгiн таныды…
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter