Өлеңдер ✍️
Саған деген махаббатым өлген бе?
Саған деген махаббатым өлген бе?
Сенiң көзiң көре алмадым көлден де.
Тұңғиыққа батып кеттiм тұнжырап,
Тыраулаған таңғажайып келгенде.
Көз алдыма келмей қойды келбетiң,
Ендi немен толтырамын Жер бетiн?
Орманы жоқ, орыны бос көңiлге
Қойныңдағы қасiреттi берме, түн.
Кеудем босап қалыпты ғой – жүрек жоқ,
Уақыт қана уайымнан жүр емдеп.
Елестете алмағасын өзiңдi,
Елжiретiп мен айта алмадым «сүйдiм» деп.
Жыл құстары жылы жаққа ағылды,
Қайда ұшырдым басымдағы бағымды?
Жыл құсындай жылап жүрмiн мен ендi,
Күзгi желге күңiрентiп жанымды.
Елестете алмай өттi күнiм құр,
Сенiң бейнең түсiмде де бұлыңғыр.
Сен – сен емес, өзге бiреу сияқты
Кездейсоқта көрiп қалған бұрын бiр.
Саған деген махаббатым осы ма?
Құлай сүйген күндер бездi шошына.
Мен қайтейiн құдiрет бiр кеткесiн,
Қайта оралып соқпай қойды-ау қосыма…
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter