Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  240


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Таныстыру

Білесіңдер ме, балалар!
Ерболат деген бала бар.
Күнделік жазып, қиялмен,
Тұңғиық көкті аралар.
Қолында қалам, бояуы,
Сурет те салып қояды.
Космоста ойы жүргенмен,
Кішкентай ғана бойы əлі.
- Аспандай ашық тілегі,
Баламның батыл жүрегі.
Ғарышкерім менің! – деп,
Папасы да күледі.
Мамасы болса: - Тыным ал!
Тəңірдің де ертең күні бар.
Айға да, – дейді, - жетерсің,
Əуелі жерде жүріп ал!
Күнделік бетін ашайық,
Бірлесіп сейіл жасайық.
Күн жүйесіндегі көршілес
Жұлдызға қадам басайық.
Алғашқы саяхат. 2192 жыл.
...Аспанның кең ғой құшағы,
Бірден-ақ сездім мұны мен:
Ракетамыз ұшады
Ионның жылдамдығымен!
Мақсат көп ойға қонарлық,
Орындау керек бар істі.
Айналып Жерге оралдық
Шолпанды жəне Марсты.
Юпитер орбитасында –
Станциямыз тұрақты!
Тексеріп Айдың тасын да,
Шештік біз талай сұрақты.
Айдың да сырын мол білдік,
Аралап тау мен қиясын.
Аспанда жүріп өндірдік,
Электр энергиясын!
Қарсы алдық Айдың көктемін,
Қысында кеме қондырдық.
Ішетін су мен отттегін
Өзінен Айдың өндірдік!
Тұрақты база салынды,
Келмекші түрлі мамандар.
Марсқа қалай баруды
Кеңесіп жатыр адамдар.
Игеріп Айды батыл біз,
Қол создық жаңа эраға.
Жақсы өмір сүріп жатырмыз
Жасанды атмосферада.
2195 жылдың 16 марты.
Ерболат айдағы интернатта
... Көп жылдар өтті арада,
Өсімдік Айда өскен-ді.
Марстағы əсем қалаға
Екі мың адам көшті енді.
Айтпақшы, осы жақында
Оқыдым сонау Жердегі
Транспорттар хақында
Адамның болған ермегі.
Адамдар, сірə, сол тұста
Түтінмен, газбен «дос» екен.
Көлігі – троллейбус та,
Трамвай, автобус екен.
Сыймайды екен көбіне,
Көліктер тіпті аз екен.
Сонымен жетер жеріне,
Жеткендеріне мəз екен.
«Жигули» деген машина
Ол кезде, тіпті, көп екен,
Жүргенмен жылдам, асыға,
Құятын бензин жоқ екен.
Кірмейді тіпті құлаққа
Бензин жоқ, яки аз деген...
Суытқыш қосып сынапқа,
Жүрмеді неге газбенен?!
Əрине, көне ғасырға
Кінə жоқ біздер қоятын.
Ол кезде ғылым расында,
Бізден көп артта болатын.
Ертең-ақ ғылым жаңалар
Өмірге бүгін енгенді.
Жолаушы – ракеталар
Қоғамдық көлік болды енді!
Марсқа қонып, жол ашып
Күннен де бөлек əлемге.
Зерттейтін затты мол алып
Жүрміз ғой нұсқа, дəлелге.
Емес ол ауа, тас қана!
Белгісіз кеннің түрлісі –
Элементтердің басқа да
Беймəлім жаңа үлгісі.
Көреген көзі – адамның
Жəне де сезгіш құлағы,
«Ратан» бүкіл ғаламның
Қимылын бағып тұрады!
Құмармыз, шіркін, кеңдікке
Бесіктей тұрсын тербеп ол!
Космосқа ұшу ерлік пе,
Жоқ, ерлік емес, еңбек – ол.
Бірінен кейін бірі ұшқан
Жеткізер достар бір хабар...
Тіл қатып жатыр туысқан
Тым алыс Галатикалар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу