Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  207


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Отырартөбе

I
Төбе, төбе, бəрі төбе маңайдың,
Əр төбені тарихыма санаймын.
Жазықсыздан жаза шеккен кезінде,
Əрбірінде жатыр сыры талайдың.
Тумаса да туғандай боп табысқан,
Қараңғы елге ілім шамын жағысқан.
Аққан судай сұлу Сырда, Арыста,
Отырарда өтті талай данышпан.
Əңгіме көп, бір қыр ассаң бір қырдан,
Шыңғыс ханның залымдығын жыр қылған.
Тайды сойып, талай елге ас берген,
Қара қазан қақпағын жау сындырған.
- Қара қазан – қара халық дегенім,
Қанды жебе – қарғыс, ажал себемін!
Жігерін құм, үміттерін күл етіп,
Отырардан көкке түтін өремін.
Қарай көрші қарсыласқан сияғын,
Аста-төк боп көлгірсуін тиямын.
Қайыр ханның даласы кең, пейілі тар,
Көмейіне қорғасынды құямын.
Шаһар халқын түк қалдырмай қырамын!
Қайыр ханын аяғыма жығамын.
Үрлеп ішіп, шайқап төккен шіркіннің
Екі аяғын бір етікке тығамын!
Жетті! Жетті!
Бітті əбден шыдамым!
Осылай деп тайға таңба басқандай,
Залым Шыңғыс қаһарланды аспандай.
... Отырарда батыр халық, ер халық,
Өз қаласын қорғап жаты жасқанбай.
II
«Баласы үшін құс түседі тұзаққа,
Баласы үшін адам түсер азапқа.
Екі сөзге көп мағына сыйдырған,
Ежелден бар осы мақал қазақта.
Сүйекке еніп, араласып қанына,
Айналғандай дəстүріне – заңына.
«Жаным – арым садағасы» дейтұғын,
Кесіп айтқан ант сөзі бар тағы да.
Қатал соғыс сынап жатты төзімін
Отырардың ерлері мен езінің.
Өз ошағын қорғап жатты ер халық
Ағы менен қарасындай көзінің.
Ол күндердің аңыздары көмескі,
Қалдырды тек төбелерді, дөңесті,
Шыңғыс хандай арбаушының аузында
Дала халқы намыс үшін егесті.
Тағдырына зар еткен жоқ бұл халық,
Сауға – өмір дəметкен жоқ бұл халық.
Отырардың сырты – өмір, іші – өлім,
Сол қамалдан еш кеткен жоқ бұл халық.
Қайыр айтты:
- Жауым анау қаптаған!
Күш-қуат бер, халқым менен ақ Далам!
Отырардың кітаптарын тығыңдар,
Кітаптарды – дүние сырын сақтаған!
Тері шалбар, сарбоз дамбал жыртығын
Бүтіндеумен көрмеп едім бір тыным.
Əлем білді шебері мен ғалымын
Бейнет сүйген ұлы Отырар жұртының.
Ханның сөзін қара да айтар, бірақ та
Қара аузының дуасы жоқ, сынақта.
Есің кіріп, етек жапқан кезіңде,
Бас қойдырмас деп ем білім – бұлаққа.
Басқа тартса жеткізе алмас аяққа,
Жəрдем етіп жалғыз жарлы, саяққа:
Көзін сүзіп, жүрмеу үшін біреуге,
Қоссам дегем еңбек сүйгіш санатқа.
Шыңғыс хан кеп, шу көтерді сорыңа,
Түспеу үшін қанішердің қолына,
Əр қария бір бала ертіп соңына
Түссін барып жер астының жолына.
Жақсы дəурен баста тұрмай тез кетті,
Ұрпағыма жеткізіңдер аз-көпті.
Қиналғанда ақыл беріп демеген,
Ал, қарттарым, қош айтысар кез жетті.
Қиыны мен қызығы көп бұл тұста,
Көп сөйлеуге өмір қысқа, күн қысқа!
От пен суға бірге оранған Отырар,
Соңғы соққы əзірлей бер Шыңғысқа!
Шайқас. Шайқас. Балуан, шебер, сан алып,
Өнерпаз де өлді жебе қадалып.
Өлді талай жезтаңдай мен ақ жүрек,
Көп өнерлі көкірегінен қан ағып.
Бұлт қызарып, талай атып таң əлі,
Күн бозарып қайта батып барады.
Алты ай өтті... Шыңғыс ханның əскері
Жанталасып ала алмады қаланы!
III
- Іздеңіздер елдің осал тұсын əр,
Табу керек! – деді Шыңғыс сұсы бар,
- Қойыртпақ ішіп, құрт пен майын жеп жүрген
Қойдан қоңыр, қақпаны ашар кісі бар!
Деп бір ноян тақылдады таңдайы:
- Ол адамның маған таныс мəн-жайы...
- Бер сыйлықты! – деді Шыңғыс. – аяма!
Тек қақпаны ашып берсе болғаны.
- Елін сатып, өз ханынан асқандар
Маған келсе, ажалына бастаңдар.
Алтынды алып, қақпаны кеп ашқанда,
Ол сатқынның басын шауып тастаңдар!
Санаткерің, жаһан білген ғылымың,
Беу, Отаны – Фарабидей ұлының.
Ұлы жерде өскен екен сатқын да,
Жұмыртқаңды аршып шықты зұлымың!
О, Отырар, дарындыға анасың,
Ұлағатты кəделісің, панасың.
Қасақана қақпаны ашты қорқағың,
Сөйтіп, сатты қаласын – өз анасын.
Өз анасын өлтірді ол – обал-ақ,
Ашты қақпа. Жау қаланы тонамақ.
Сансыз түмен, тұлпар тұяқ астында,
Сатқын басы жерге түсті домалап!
IV
Гүлі емес, құмы қалды даланың,
Күні емес, күлі қалды қаланың.
Қайыр ханды ұстап алған жендеттер
Таба алмады басқа тірі адамын.
Қорғаушысы түгел өлген, қаңырап,
Жатыр қала... көкке ұшқандай бəрі нақ.
Осылайша гүл бесіктей тербелген
Құлап түсті алтын баулы шаңырақ.
- Иə, қалай? Қайыр ханым, төзімдім,
Өзіңді-өзің құдайдай-ақ сезіндің.
Қайратыңа тəнтімін-ау, дегенмен
Ала көзің – ағайының өзіңнің, -
Деді Шыңғыс:
- Бекер-ақ сен қасардың,
Əрине, сен бірі емессің осалдың.
Қош келіпсің, қонағым бол қадірлі,
Келіп отыр тамақ беріп, бас алғым!
Тұрысынан Қайыр хан жоқ айныған,
Шемен болған шерлі сырын жайды хан:
- Қапа болып, қорқарым жоқ қайғыдан,
Жазаң маған келтірмеді ой, күмəн.
Ұлы Отырар сүтін емген байғұстың
Опасыз боп шыққанына қайғырам.
Қамалдағы қырылардай бұл халық,
Қақпаны ашып, кім білдірді мырзалық?
Күлді Шыңғыс:
- Басын алдық сатқынның,
Қайыр хан да білдірер деп ырзалық.
- Түсінемін, ей, Шыңғыс хан пейіліңді,
Бірақ аудар мына сөзге зейініңді.
Болмас еді зұлымдықтар, бар қала
Отырардай болса ілімді, мейірімді.
Өмір парқын ғылымменен өлшедім,
Жендетіңнен қорықпаймын мен сенің.
Кітапхана, балаларды құтқардым,
Отырардың мəңгі өлмес бөлшегін!
Мейірімді жүрегіндей ананың,
Білемін мен, келген кезде заманым
Мейір төгер, шуақ шашар, алғыспен,
Келер ұрпақ бізді еске аларын.
Көңіліңде арманың көп сенің де,
Жеттім. Жеңдім. Тойдым , толдым дедің бе?
Болдым. Өлтір. Жайбарақат жатайын.
Отырарда – туып-өскен жерімде!
... Өтті жылдар. Кең даланың басқа əні.
Құмы – гүлге, шөпке оранды тастары.
Төрі – дала, шаңырағы – аспаны,
Жаңа ұрпақ жырын айта бастады.
Ақ жолынан адаспаған ай жүріп
Аман жүріп, балаларға сай жүріп.
Жұтқа ұрынған жұқанағына жұртымның
Жетті келіп ғылым деген – сəйгүлік.
Қайыр басын қарашаға теңгерген,
Туған жерден бар байлықты кем көрген.
Рухын оның жеңе алмады Шыңғыс хан,
Басын шауып, Отырарын жеңгенмен!
Қуанбайды қайғы көре білмеген,
Көрсоқырдың жұмысы не түнменен.
Отырар жоқ, бəрі төбе маңайдың,
Көмкерілген төбе қызыл гүлменен.
Отырардың жоғалған жоқ орыны,
Отырартөбе – бабалардың қорымы!
Бабалардың жығылмаған жалауын
Жусан өсіп, жел уілдеп қорыды.
Кеңшілікте сыналмайды ер жігіт,
Қадірлейді тар кезеңде ел біліп.
Асыл ерлер көзін салар қияға
Алыс, биік ұшарына сендіріп!
Өтсе-дағы қанша қилы замандар,
Ез бен ерді ажыратар алам бар:
Өзге жерде елін ойлар жақсы адам,
Өз үйінде шіренеді жамандар.
Жолдас таппай ер азады бірақ та,
Басшы таппай ел азады бірақ та.
Жүзің салма айтары жоқ адамға,
Тастап кетер басың тіккен сынақта.
Уақыт басқа, қазір бізде жыр басқа,
Соғыс басқа, бейбіт өмір бір басқа.
... Арыстанбап қария тұр мұңайып,
Жете алмай Отырар – шал сырласқа.
Көне Отырар енді музей боп қалды,
Зарлы заман ізі қалып, жоғалды.
Қайыр ханның елін сүйген сөздері
Ұрпағына өсиет боп оралды.
Ашылмаған беттері бар қаншама,
Отырардың тарихтары са-сала.
Төбелерден үйренеміз тарихты,
Кітапхана жер астында қалса да.
Пайда ойламай, ар ойлаған халықты,
Елін сүйген ерлерімді даңқты
Талай ғасыр ұйқтап, сосын оянған
Отырардың төбелері танытты!
Төбе, төбе, бəрі төбе маңайдың,
Абайлаймын, қадамымды санаймын.
Əр төбенің өзі – халық тарихы,
Төбелерді қастерлеуді қалаймын.
Алпыс екі тамыр сынды таралған,
Төбелерде жатыр ұйқтап сан арман.
Сондықтан да еш жалықпа, жас ұрпақ,
Аяғыңның астына бір қарауды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу