Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  176


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Ей, қаракөк түн!

Ей, қаракөк түн!
Мелшиген қаракөк түн.
Анашымнан айырып жаралы еттің.
Ақ сүт берген анасын сыйламаған,
Жақсылық жасамаған –қара бетпін!
Ай, қара түн! Тұңғиық түнегіңе,
Мəңгілікке жанымды ала кеткін!
Сабырсыз қып, шақырса сайтан ымдап,
Желөкпемін, жөнелер байпағымды ап...
...Соңғы түндер шақырып жанына Анам,
«Отыр,-деген балам-ау-айтарыңды айт».
Үкі болып ұштым да, ғайып болдым,
Көрмей қалам деппін бе қайтарымда.
Жыласам да айқайлап түнге мейлі,
Қара түн де, Анам да үндемейді.
Қараойдағы қабірін құшақтап ап,
Жылап жатсам, ешкім кеп, тұр демейді.
Өмір деген осы екен-ғұмыр ағаш,
Бір теңселіп құласа гүлдемейді.
Жұбатпады ешкім кеп, үн шығарып,
Тыншып ағып, өтуде түн шұбалып,
Орамалға түйдім мен (төс қалтамда)
Бір уыс топырағыңды шымшып алып.
...Төсті тепкен жүрегім, сол топырақ,
құшағына алғанда тыншы барып...
Сол топырақ үстіме себілгенде,
Мен туралы сөзіңді айт, сыншы халық.
Тағдыр кеп тірі-өлі шекті кесер,
Дертті кесел түбіне жетті десер.
Барымды айтып, жоғымды жалғап айтып,
Жылай-жылай сорлы ақын өтті десер.
...Мен риза болар ем, басқаны айтпай,
Анасын іздеп, жылап кетті десе ел.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу