Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
17.05.2022
149
Оралмаймын өткенге
Оралмайды ешкім де өткен күнге,
Өткен күндер құстармен кеткен бірге.
Жамыраған жаз келер,
Күз де келер
Тарқар мынау қызығы көктемнің де.
Атады таң.
Күн-дағы батады екен,
Қызыл нұрға боялып ата мекен.
Сүйек еттен құралған адам түгіл
Мұнар таулар мүжіліп жатады екен.
О, аяулым,
Жаңылмай жамалыңнан,
Іздеймін мен бір жалын жанарыңнан.
Келер күнді сеземін мен өзіңнің
Термометр секілді қабағыңнан.
Үзілмейтін шіркін бір әнім болса,
Мейлі сонсоң соңымда сағым қалса,
Болашаққа ұшамын аялдаусыз
Өткен күнім өзімді сағынғанша.
Назағайлы жанымда жасын болса,
Тарта берем Сәкенше,
Қасымдарша.
Оралмаймын ешқашан өткен күнге
Жастық шағым жалындап шақырғанша.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter