Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
17.05.2022
152
Рахат
Сағына түссең неқұрлы,
Жанасың от боп күйесің.
Нан соғу емес, өмірді
Рахаты үшін сүйесің.
Сонысы үшін жалғанға
Ғашық та болып көресің.
Әйтеуір соны армандап,
Зар илеп жүріп өлесің.
Басыңа берген бақтан ба,
Сүйрейді сені бір үміт.
Енді өліп бара жатқанда,
Кетесің қайта тіріліп.
Қайтадан қағып қанатты,
Самғайсың биік ән дейсің.
Бірге ішіп жұртпен шарапты,
Жұртпенен қатар нан жейсің.
Қайтадан қайта қым-қуыт,
Көресің топтың қарасын.
Жас адам болсаң жын қуып,
Өкініп тағы қаласың.
Күлкі етсе егер көрінген,
Күйіктен адам өледі.
Бір-ақ рет келген өмірден
Рахат көргің келеді.
Ол-дағы тіпті аз саған,
Күлкің де ұйқың қашады.
Маңдайға қайғы жазса адам,
Еріксіз есік ашады.
Сөйтеді уақыт, жылатад,
Бақиға мәңгі кіресің.
Өмірде бәрі рахат
Екенін сонда-ақ білесің.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter