Өлеңдер ✍️
Өлген ертегі
Ескі ауылдың өлген бір ертегісін,
Айтайыншы өзекті өртеу үшін.
Сұлуыңа ән сыйла айлы түнде,
Дұшпаныңа серт қыл да семсер ұсын.
Серілердің жан досы – домбырасы,
Домбыраның тиегін қондырасың.
Ғашықтардың атынан қосылмаған,
Шындап тұрып жыласа, ән жыласын.
Дәл осылай жасапты өмір ұстаң,
Тағдырларды көп сеңдей соғылысқан.
Жалғыз ауыз сөз ғана «Жаным» депті
Қиын қыстау сәттерде жолығысқан.
Ауыл маңы сай, өзен гүрілдеген,
Ауыл іші көп өсек гуілдеген.
Жігіттер көп құшағы бір толмаған
Арулар көп ерні дірілдеген.
Ғашық жолы осылай жалғанбапты,
Бақ қонбаған адамнан сор қалмапты.
Сүйгеніне жетпеген ерке сұлу
Оттан ыстық төсегін шалға арнапты.
Сүйікті жар бола алмай сүйікті ана,
Тыңдап жүріп барлығын ұғып қана,
Өзін-өзі жұбатып өткен екен
Ұқсамайтын шалына сүйіп бала.
Солар көрген осынау күн мен айды
Біз де көрдік.
Төбеде сырғанайды.
Бірақ, бірақ тағдырлар олар кешкен
Мына біздің ішті де тырналайды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter