Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  111


Автор: Дәуітәлі Стамбекұлы

Әрі ана...

Әрі ана,
Әрі әйел,
Әрі жолдас,
Көңілі кең, жайдары,
Жаны жап-жас...
Мейлі тасып жатса да бар байлығың,
Бұл өмірдің
Оларсыз мәні болмас.
Әйел – байлық,
Табиғат дара туған,
Күннің нұрын қабылдап жаратылған.
Әйел құсап шалғын да шайқалады
Тамырына ағын су оратылған.
Әйел сынды жіп-жібек желді білем,
Әйел сынды дала да кеңдігімен.
Жаз шілдеде шөліңді қандырады –
Әиелсынды балбұлақ мөлдірімен.
Сәттеріңде жолыққан,
Бір сағынған.
Жарып шыққан даламның құрсағынан,
Жусан исі тұрады мұрын жарып,
Әйел иісі шығады жусаныңнан.
Бәрі әйелге ұқсайды, ал, қарашы,
Қуанышы ұқсайды,
Жан-жарасы.
Ақ қайыңдар
Толғатып анаға ұқсап,
Әйелге ұқсап гүлдейді
Алма ағашы!
Тамыз айы күзетіп қысқа таңын,
Әрбір күнге мың алма ұстатамын.
Жеміс берер шағында Алма ағашын
Туатұғын әйелге ұқсатамын.
Қарап тұрсаң әйелге бәрі ұқсайды,
Озамын деп бірақ та жарыспайды.
Әсемдігі жағынан мынау әлем
Бәсекеге түседі, қалыспайды.
Көктемеде себілген дәні керім,
Күз келгенде сары ала қалың егін.
Әйел сынды толысқан болмысымен
Шаттығымды шалқытар әлі менің.
Ғұмыр құстар құйқылжытып жан-жағымнан,
Жұпар есіп мамырдың бау-бағынан,
Көктемеде аспанға көзім түссе –
Әйел қарап тұрғандай ар жағынан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу