Өлеңдер ✍️
Көктем келсін әр үйге...
Біздің үйге көктем келіп бір күні,
Өзгерді де сала берді тірлігі.
Ойда жоқта қызыл-жасыл, сары-ала
Үйдің ішін қаптап кетті қыр гүлі.
Бөлмелерден ұшты құстар бөлмеге,
Босағада,
Өсіп тұр гүл төрде де,
Терезеден ұшып кіріп бұлбұлдар
Қонып алып ән салады пердеге.
Үй ішінен өніп шықты жас талдар,
Оған куә болып жүрген достар бар.
Құстары бар болғаннан соң сайрайтын
Үйіміздің ішінде де аспан бар.
Көк аспаны мөлдіреген тұп-тұнық,
Бейбіт күнін тұрады ол ұқтырып.
Ақ күмістей құлпырады айнала
Таң алдында балаусаға шық тұнып.
Сылдыраған бастауы бар, бұлағы,
Жағасында желбіреген құрағы.
Шығысынан шыр айналып құйттай Күн
Шарайнадай көтеріліп шығады.
Ақ жаңбырлар сеуіп кейде өтеді,
Одан кейін әлем жайнап кетеді.
Аспанымда кемпірқосақ иіліп,
Құлпырады бояулардың мекені.
Көңіл жақсы,
Күннен шуақ ұрттаймыз,
Ауламыздан аулақ ұзап шықпаймыз,
Апрельде көлге қонған аққудай
Көктемді өзі ала келді құйттай қыз.
Қала алмаймыз әуеніне қосылмай,
Қала алмаймыз бір төгіліп-шашылмай.
Біздің үйдің көркі бүгін ғажайып,
Әрбір үйге көктем келсін осындай!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter