Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  145


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Емен

Ылғалды қанша көтермек,
Ауырлап бұлттар төмендер.
Найзағай жақын екен деп
Селт етпес бар-ау емендер.
Алғашқы қатты жауыннан
Қалтырап аздап жапырақ.
Өзгертпей өңін далиған
Жатады дархан атырап.
Құлардай жерге көк аспан,
Шатырлап барып тынады.
Одан соң нөсер толастап,
Ақ жауын сеуіп тұрады.
Жауынның соңғы өнері –
Қаулайды шалғын төменде.
Найзағай соққы береді
Биіктігі үшін еменге.
Бұтағы жерге сынады,
Жапырақ ұшып жаңбырға.
Сонда да емен тұрады
Өршілдікпенен алдыңда.
Селдеткен мына өңірді
Нөсерге, емен, ал шыда!
Қалдыру үшін көңілді
Жетеді-ау кейде тамшы да.
Найзағай тиді дәл, міне,
Құлады емен кешінде.
Сол емен жайлы әңгіме
Әлі жүр елдің есінде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу