Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  189


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Ешкімнен қарыз алмадым...

Ешкімнен қарыз алмадым,
Еңбекпен өтті айларым.
Ешкімге тағы бармадым
Керек деп маған жайлы орын.
Талантым бар деп ерекше
Бәлденген жоқпын елге де.
Қызмет етіп, керексе,
Шай құйып берем жеңгеге.
Сығалап түрлі есіктен,
Тоздырған жоқпын босаға.
Үнімді сыйлар есіткен,
Қалғанда өзім тасада.
Емхана жаққа бұрылдым
Қалай деп халі баламның.
Қалай деп халі жырымның
Баспаға ғана барармын.
Баратын жерім – екі жер,
Бұл сырым мәлім халыққа.
Жайым жоқ, сірә, өтінер
Алақан жайып даңққа.
Ешкімге қарыз емеспін,
Ештеңе сұрап алмағам.
Кіналай алмас мені ешкім,
Жүрегім толы арман-ән.
Естілмей ол ән қала ма,
Сүремін өмір сол үшін.
Отанға, туған далама
Жыр арнау – қарыз-борышым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу