Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  224


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Өлгеннен кейін

Өлгеннен кейін
боламын нағыз таза адам,
Ақтап алады
барлық күнә мен жазадан.
«Даланы сүйген қызы еді-ау, – деп, –
бір халықтың»,
Айтады біреу азалы ән.
Айтады біреу: «Болып еді деп жалын жас.
«Қайсар дер біреу
тағдырға онша бағынбас».
Жұбатпақ біреу
Қалды деп менен гүл-көктем,
Қайта оралатын қарлығаш.
Өлім не тәйір,
Жүректің ғана мұздауы,
Достардың анық көңілдерінен сызбауы.
Жұбатады олар: «Қалды, – деп, –
жыры қағазда»,
«Қалды, – деп, – тағы ізбасарлары –
қыздары».
Өтті дер бірі,
құрмет-сыйды кеш көріп,
Жатпады жалған насихаттарды ескеріп.
Өзімен өзі өлеңін жазып өтті деп
Айтады біреу естелік.
Атақтылардан
алғысөз, мадақ сұрамай,
Алақан жаймай,
көрсетіп жасын жыламай.
Жүрегі нәзік табиғи ғана қалпында
Өтті дер қайран құралай.
Осының бәрін айтады мені білгендер,
Тірлікте талай кемшілік іздеп күлгендер.
Басқа әлем емес, айтатын маған жақсылық
Бүгінгі қатар жүргендер.
Өлгеннен кейін біреулер жоқтап сенделер,
Адамды таппас тіріден саған тең келер.
Жұмбақпыз неткен,
Ғажаппыз неткен, адамдар?!.
Қызықпыз қандай, пенделер?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу