Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  159


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Көңілдің толқу сәтінде...

Ұмытсам деп ем мен сені,
Жүректе жоқ-ау бағыныш.
Көтертпей қойды еңсені
Билеген бойды сағыныш.
Ұқтың ба халін құрбының
Жүрегі – әуен, жаны – жыр?!
Кеудесі тұнған сырлы мұң,
Ал саған соның бәрібір.
Бәрібір болса маған да
Келгенің, әлде кеткенің.
Жинаған жалын жанарға
Жалғыз сен ғана деп пе едің?!
Мейлі деп келсе, кетсе де,
Отырсам, шіркін, бейтарап.
Ойлатпай қойса ештеңе
Ойналған ұзақ күйтабақ.
Талғамай тыңдап бар әнді,
Болмасам осы жырға алаң.
Тілдеймін кейде анамды
Сезімсіз етіп тумаған.
Ал сен ше?
Қорлап сезімді,
Сөнесің, қайта жанасың.
Маған да айтқан сөзіңді
Басқаға айта аласың.
Ұмытсам деп ем мен сені,
Жүректе жоқ-ау бағыныш.
Көтертпей қойды еңсені
Билеген бойды сағыныш.
Соқпақ жоқ кейін баратын,
Тек алғыс айту қалды да
Қасірет шеге алатын
Жүректі берген тағдырға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу