Өлеңдер ✍️
Көршілер
Қыдыратын әжеге таласа еріп,
Ертегісін тыңдайтын дара серік.
«Үлкендердің алдынан кесіп өтпе»
Деп өсірген ауылдың баласы едік.
Кей ағайын қиырда көріспеген,
Дәм-тұз түгіл, қайғыңды бөліспеген.
Әжем бізге: «Іргелес көрші сыйлау
Тіршілікте адамға борыш», – деген.
Бір-бірінің аңсайтын сәлемдерін,
Бір-бірінің жаттайтын өлеңдерін.
Сары майдай сақтайтын базарлықты,
Ауыз тимей қалар деп бәлен келін.
Анам келіп қалаға таңданғаны,
(Оған жұмбақ әрқилы жандар бары).
Дейді маған: «Түйіскен есіктері
Көршісі көп адамның бар ма арманы?!»
Далаңдаған кең оның киімі де,
Дархан көңіл қалды өз биігінде.
Сыйластық деп ұғатын тірлік сырын
Сүйсінемін қашан да пейіліне.
Қайран апа, жоқ мұнда дала ғұрып,
(Қатал айтсам, тым теріс қалар ұғып).
Жақын деген есіктің әр жағында
Ілулі тұр бірнеше қара құлып.
Арпалыспен, шабыспен күн өтеді,
Әркім өзі білгенше күнелтеді.
Өлім болса естиміз көршілерде,
Тірілердің беймәлім кім екені.
Дәл сендерше үлкенді сыйлау да аңыз,
Қам жемеңіз, біз үшін қиналмаңыз,
Көрпе төсеп күтпейміз артық қонақ,
Құлып салып, әйтеуір, жинаудамыз...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter