Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  191


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Қарлығаш

Жалтылдақ қанаты нұр құшып,
Ақбауыр қарлығаш жүрді ұшып.
Байқаусыз бұтаның астында
Жасырынып отырды бір мысық.
Армансыз шарлап кеп аспанды,
Дегендей балапан аш қалды,
Жерден бір дән көріп қонғанда
Сұр мысық сорлыға бас салды.
Бас салып басынан тістеді,
Зұлым-ай, өз ойын істеді...
Қос қанат құтыла алмастай,
Бұл ажал не деген күшті еді...
Көзден жас, бастан қан жосады,
Қиын-ау тырнақтан босауы.
Шашылған қауырсын үстіне
Шырылдап келді ұшып қосағы.
Жоқтады, қайғырды, зарлады,
Өзінше тәңірін қарғады.
Кеп-кеше қосыла сайраған
Сәттерде жоқ еді арманы.
Ал бүгін тап болды жесірлік,
Қызықты тірлікке кесір қып.
Амал не, қайырсыз ұядан
Балапанын әкетті көшіріп.
Балапан қызықтап аспанды,
Биіктеп ұшуын бастады.
Енді оның бақытын армандап,
Ананың көзінен жас тамды.
Қайғыны уақытпен емдеген,
Көңілді ақ үміт кернеген.
Ертеңге ұмтыла беретін
Өмір-ай, тәтті едің не деген!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу