Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  146


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Жұмекен көшесінде

Достарың қанша сырласқан,
Шертеді сен деп күй-дастан.
«Қайда, – деп, – менің ақыным?»
Шағала шықты Қиғаштан.
Құлақта әуен мұңлы бір,
Кеудеге жоқтау тұнды жыр.
Келер деп сені сапардан
Тосып тұрғандай Дыңқызыл.
Өтсек те зулап тоқтамай,
Қалмады сені жоқтамай.
Сыңсытып желге бұтағын,
Қол бұлғап қалды Көптоғай.
Қайда деп сұрап қалардай,
Айтуға жауап таба алмай.
Ақынын күткен Ашаққа
Тағы да кеттім бара алмай.
Әр төрде тұрды орының,
Орныңды төр деп жорыдым.
Қошалақ қалды әріде,
«Сағынтты ғой, – деп, – қоңырым».
Сағыныш қысса сонша бір,
Ағылады екен аңса жыр.
Тек сендік ауыр мінезбен
Міз бақпай қалды Ақшағыл.
Жаралған жыр ең дала үшін,
Енді сен алыс қарасың.
Нұржауда ұзын көшенің
Бойымен кетіп барасың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу