Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  132


Автор: Аманхан Əлімұлы

Сабан сылақ, тар əйнек, қаққан ұстын...

Сабан сылақ, тар əйнек, қаққан ұстын,
Көрінгенмен көзіндей баққан істің, –
Су сорғалап тұратын көк нөсерде,
Қоржын тамнан қамыстан жапқан үстін.
Шықпай қанша уақыт жүрді есімде,
Шелекбас ит енжарлау үргесін бе? –
Жас баладай жылайтын ішін тартып,
Шибөрілер ауылдың іргесінде.
Келгім кейде келеді жылағым да,
Оңашада беріліп бұла мұңға.
Қозы-лағы жамырап кеткен кешке,
Жеңешемнің даусы да құлағымда.
Кеуде қақты келмейтін тек десінге,
Бал балалық базары өткесін бе?, –
Дір-дір етіп тұрады жұмбақ жұлдыз,
Сəл-пəл ғана ызғарлы көк төсінде.
Алла жазды, апырымай, талғам ба екен,
Бақытымнан артықтау алған бөтен.
Түртіп кейде ұйқымнан оятады,
Жатаған там жадымда қалған бекем




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу