Өлеңдер ✍️
Менің қара адамым...
Басқа түскен оқыс бұл бір сын еді,
Алатаудың тұнжырап тұр сілемі.
Көлеңкемдей қалмайтын қыр соңымнан,
Менің қара адамым күрсінеді.
Күрсінеді бір сырды сезетіндей,
Өсіп кеткен майбасты көз етіндей.
Аяқ асты жапырақ сияқты иман,
Мына өмірде не қалды төзетіндей.
Өлмесе де, қойғанмын жерлеп жанды,
Жағдайда жоқ салатын өрлетпе əнді.
Тіршілігім түтіндей көзді жеген,
Өмірім де жусандай кермек дəмді.
Кете алмай жүрген бір терлеп бойдан,
Арыла алмай аурудай шерлетпе ойдан, –
Арақпенен уланған жастығымды,
Жиырма бес жыл бұрын мен жерлеп қойғам.
Аумай-тұғын тұрақсыз еспе желден,
Мазасыздау мезгілсіз кеш те келген.
Арып-ашқан елім бар, жұтаң-жүдеу,
Келетіндей құлаған көшке белден.
Басылып іспе кеуде жаз аптығы,
Қолына тигенімен азаттығы –
Созылып кетті неге соншалықты,
«Елім-ай» əніндегі қазақ мұңы.
Үнін қосқан аққанат Сыр қуына,
Бойымды алған ертелеу жыр буы ма?
Иба қалып ауылдан алып келген,
Сіңіп кеттім қаланың дырдуына.
Ойламаған тірліктің шара, қамын,
Маған сонша күдікпен қарамағын.
Жұмсам болды көзімді бас жағыма,
Келеді де тұрады қара адамым.
Жаратамын, десем де, жаратпаймын,
Өтті қанша артыма қаратпай күн?..
Түн ұйқымды қара адам бұзып тыныш,
Өмірімді кітаптай парақтаймын.
Желп-желп етпей жел соқса жең қала ма,
Балалығым қап қойды кең далада.
Ауылымнан шығуын шығып алып,
Жете алмай-ақ келемін мен қалаға.
Табылар да, табылмас сезім емі,
Бұл не деген өлермен төзім еді.
Қыстың күні туғаннан болу керек,
Өлеңімнен сыз ізі сезіледі.
Қара адам тұрады бас жағымда,
Бір үмітін артқандай қас қағымға.
Бейне көрем көзінен таңғы шықтай,
Келіп тұрған тіріліп жас шағым ба?
Ақынсың ба, деймін мен біз білетін,
Сүйе-тұғын жел қақты күздің өтін, –
Оқығанда өлеңін «сен үшін» деп,
Басы айналып бақыттан қыз күлетін.
Алдап кеттім қаншасын жоқ есімде,
Жүріп жастық алдырмас белесің де.
Ей, қара адам, кей-кейде жас шағымдай,
Атауыңды ішіп-ап келесің бе?
Қарбаласы бітпейтін, ала кеште,
Не жайларды, о кісі, салады еске.
Ауылдағы жанымды мейірім толы,
Жастығыммен тонаған қала емес пе?
Жететін желең желдей беліңді асып,
Ес біліп, етек жиған елім қашық.
Мəскеуде сырахана ішінде мен,
Сан тұрдым сағыныштың шөлін басып.
Сыра іштім Алматыда, Мəскеуде де,
Жел бітіп ақынжанды жас кеудеге,
Эх, менің қара адамым осындайда,
Гөй-гөйге бала кезгі басты-ау деме.
Кетіресің мазамды келіп алып,
Өзі кеткен жастықтай, желі қалып.
Мына келіс, Сырдағы көктем бұзды,
Кеуде соқты көңілдің селі ме, анық.
Қап-қара, шойын қара, қара адамым,
Сен маған өткен шақпен қарамағын.
Ұжымақ па, тозақ па Алла жазса,
Қай-қайсысы болса да бара аламын.
Екеуі де əзірше емес бөтен,
Көз алдыма жатсынбай елестетем.
Ей, қара адам, қабағың ашылмайды,
Қай жағымнан жайсыздау жел есті екен.
Салып тұрсың есіме тағы нені,
Қызымды ма, ол менің бағым еді.
Қыз сағыныш, сағыныш соңы сағым,
Ұстатқан ба жеткізбес сағым елі.
Мен де бір күн жұлдыздай ақпаймын ба,
Өзімді-өзім өлердей тақпай мұңға, –
Алла, алса керегі болған шығар,
Берді, алды – сабырлық сақтаймында.
Аяқтан шалып тағдыр құлатпағын,
Жөн-жосықсыз ешкімді жылатпадым.
Лəйле менен бір қызды Вика деген,
Рас менің өлердей ұнатқаным.
Ол да менің өтпелі тіршілігім,
Жас кезімде бүр жарған бүршік ұғым.
Бұл күндері келеді отбасымда,
Өрім талдай нəр сіңді бір шыбығым.
Түк шықпасын сезініп құр егестен,
Қашамын да жүремін бір елестен.
Аңдуыңды қоймайсың, ей, қара адам,
Мен ашпаған ешкімге сыр емес пе ең?
Көңілімде жел ойнай, дарақ шулап,
Күле алмаймын тірлікке қарап қунақ.
Іздеп келіп жүрсің бе, əлде менің,
Жастығымды өлтірген араққа улап.
Ұйықтап кетсем лүп етпе қас қағымда,
Келесің де тұрасың бас жағымда.
Құран оқып, құнттай жоқтағаның,
Бұлт буды, булықпа жас шағым ба?
Ей, қара адам, табарсың іздедің бе?
Оранармын бір күні сыз кебінге.
Алла жазды ақыры үзілетін,
Сезем менің ажалым күз лебінде.
Түк шықпасын ұқтырған құр егестен,
Жабырқаулы жанымның сыры емес пе ең, –
Жаналғыштың сияқты көлеңкесі,
Қашамын да жүремін бір елестен.
Көзім кетсе ілініп қас қағымда,
Қара адамым тұрады бас жағымда.
Өзің берген жаныңды өзің алғын,
Мендік орын болса, Алла, аспаныңда.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter