Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  115


Автор: Аманхан Əлімұлы

Сəуір айы. Шуақты нұрды төккен...

Сəуір айы. Шуақты нұрды төккен,
Жатыр көкке көмкеріп қырды көктем.
Мың сан қолдай жып-жылы алақаны,
Мың сан сəуле құйылып тұрды көктен.
Еріп ерте ақпанның тоң білегі,
Келді қамсыз құстардың соңғы легі.
Жатыр дүние жамырап қозы-лақтай,
Мезгіл кетіп көйлектей оңды деді.
Қыстағыдай қытымыр жоқ мінезі,
Күннің қызып келеді отты көзі.
Былдыр-былдыр бұлақтың тілі шығып,
Бұлдыр-бұлдыр мезгілдің өтті кезі.
Шоқтай жанып тұр, əне, ескен леппен,
Бойжеткеннің көзіне көшкен көктем.
Сыр жағалап барады со бір сұлу,
Бозбаланың көкейін тескен көптен.
Жұпар исі жиденің есті ала,
Жасарған бір кейіпті кешті дала.
Көңіліне жел бітіп, көктемменен
Қас қағымда қарыстай өсті бала.
Тұр алмастан көк аспан жерден көзін,
Е, Жаратқан бəрін де берген де өзің...
Көз алдыма келеді, о бастағы,
Қозы-лақтай, о, тірлік өрген кезің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу