Өлеңдер ✍️

  12.05.2022
  198


Автор: Сабырхан Асанов

Жақынымсың сен менің, жүрегімсің...

Жақынымсың сен менің, жүрегімсің,
ұстынымсың, сен менің тірегімсің.
Дейтін де сен: көңілім бірге тасып,
дейтін де сен: жас жаным бір егілсің.
Сен алғаш кеп көзіме көрінген күн,
бұрымыңа қосылып өрілгенмін.
Кемшілігіңді қалайша кешпеймін мен,
кемшілігін кешкенде көрінгеннің.
Кей сырыңды жатсам да кейін біліп,
үлгеремін мен оған дейін күліп.
Сезіктерден секемсіз сейілемін,
өзіңді де жіберем сейілдіріп.
Алдыма алам,
айналып толғанамын,
толықсыған гүлдей ғып қолға аламын.
Көзім тұнған ондайда ынтызарлы,
Тулаған қан тұла бой – толған ағын.
Қайда жүрсем өзіңе асықтырып,
өмір бойы қойдың ғой ғашық қылып.
Көріп сені көңілім тынар менің,
үй есігін асығыс ашып кіріп...
Жақынымсың сен менің, жүрегімсің,
ұстынымсың, сен менің тірегімсің.
Дейтін де сен: көңілім бірге тасып,
дейтін де сен: жас жаным бір егілсін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу