Өлеңдер ✍️
Шексіздікпен сырласу
Заман жақсы. Келеді әне оңалып
Неге бірақ, көңіл қалды тоналып.
Қыр басында мұңаяды қария,
Батқан күннің шуағына оранып.
Қоғамдағы қордаланған түйінді,
Кім шешеді? қарт осыған күйінді.
Зулап аққан заман оты шарпыса,
Досың жылап, тек дұшпаның сүйінді.
Екі заман ортасында тербеліп,
Түйіткіл тірлік шешілмейді күрмеліп,
Миығынан күліп тұрған кер - заман,
Қылымсиды алуан-алуан түрге еніп.
Күндер солай өте берер алмасып,
Ұрпақ келер бір - біріне жалғасып.
Замана әуей тағдырына күйінер,
Әлдекімдер жағасына жармасып.
Ойға батып, уақыт тезі қысқанда,
Соңғы бір сәт қимасыңды құшқанда.
Езіледі жүрек шіркін қансырап,
Көкті тіліп зымырандар ұшқанда.
Жаһандану - замана оты шарпыса,
Тілің, ділің, сай-сүйегің балқыса.
Кімге сауал айтасың ей, Адамзат?
Тозаң болып құр сүлдерің қалқыса...
Қыр басында бір қария толғанар,
Адал ұрпақ бере гөр деп қолға алар.
Қазақ деген қасиетті Елімнің,
Талай сында ар - намысы қорғалар
Осыны ойлап бір қария толғанар...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter