Өлеңдер ✍️
Әр адамның тағдыры бар
«Бақыттымын» деген сөзім далбаса,
Мына жүрек тағы нені қалады?
Саған деген құрмет бәлкім, жалғасар...
Ал сезімім мұздай болып барады.
Мен несіне өкпелеймін, кінә артам,
Ешкім мені міндетті емес сүюге.
Жылап алып, өз-өзімді жұбатам,
Жаратылғам сезім-отқа күюге.
Әр адамның тағдыры бар түрліше,
Маңдайына жазып қойған о баста.
Мен де жаным, сағынышпен күй кешем,
Енді бізде өмір басқа, жол басқа...
************
Бізге ел-жұрт қызыға қараушы еді,
Белгісіне қос аққу балаушы еді.
Қатал тағдыр сый тартты ойламаған,
Бақыттың да есебі,
бар-ау шегі.
Кім сенеді дегенге сені жаман,
Кім иланар дегенге мені жаман.
Таныс жандар қал- жайды сұрағанда,
Дей саламын:
бәрі де тегіс аман.
Естеліктер таусылды, айтылмайды,
Біздер үшін жаңадан Ай тумайды.
Быт-шыт болған өмірді ойлап кетсем,
Жүрегімде жүгенсіз тай тулайды.
Тас төгіліп төбемнен тау құлайды...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter