Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  217


Автор: Гүлбақыт Қасен

Үш ұлы би

Тарам-тарам жолдар жатыр болашаққа апарар,
Таңдауыңды жасармысың, алда қиын сапар бар.
Тарихымның шежіресі сыр шертеді ғасырдан,
Теңдесі жоқ ұлылар бар ел мерейін асырған.
Абылай хан ақылшысы болған дана кемеңгер,
Билер – биік, парасатқа ақыл-оймен тереңдер.
Әділдік пен шешендікті ту көтерген өмірде,
Үш ұлы би –
Қазағымның қасиетті төрінде.
Күлтөбеде күн де жиын, ақыл-кеңес құратын,
Ел бірлігін биік қойып, асыл еткен мұратын.
Тәуке ханның заң жобасы «Жеті жарғы» – өзекті ,
Үш ұлы би –
Бітімгерлер, дауды шешер кезекті.
Жаугершілік, шапқын кезде жоңғар жерге таласқан,
Қиын сәтте қаһарлы хан билерімен санасқан.
Ордабасы жиынында ұйытқы болған даналар,
Үш ұлы би –
Қайраткерлер, ынтымақты бағалар.
Кесек шешім ата-жолын, салт-дәстүрді сыйлаған,
Ұлтарақтай жерін қорғап, жат қолына қимаған.
Тоқсан ауыз сөзді түйген нақыл сөзбен жүйелі,
Үш ұлы би –
Саясаткер, озық ойлы, киелі.
Билер – батыр, алдаспаны жарқыраған ел үшін,
Қасқалдақтай қасық қанын, жанын қиған жер үшін.
Отауызды, орақ тілді, шешендікті танытқан,
Үш ұлы би –
Әділ билер, алғыс алған халықтан.
Билік төрден орын алар болашаққа жол салып,
Құрмет шексіз ұрпағына
Тұлғасы зор болса анық!
Ақты ақ деп бағалаған бабалар – ел тірегі,
Үш ұлы би – қазағымның азаттығын тіледі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу