Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  174


Автор: Гүлбақыт Қасен

Жалынды жастықтың жігері

Жалынды жастықтың жігері
Биікке жетелеп жүреді.
Жас қайрат намысын маздатқан
Ол – қазақ халқының жүрегі,
Ол – қазақ рухының тірегі.
Сол жастық «Абылай» дегізген,
Хан етіп көтеріп киізден.
Бүгінде ерлік бар, өрлік бар
Толқыны қаттырақ теңізден.
Сол жастық Шоқанды ұлы еткен,
Ғылымның көгіне ту еткен.
Қаншама іздер бар сол жолда,
Тарихта жас жанын түлеткен.
Жас Сұлтанмахмұттың өлеңі,
Күн болып шуаққа бөледі.
Нұр құйған санаға жастар көп,
Наданға найза боп төнеді.
Сол жастық Ғаниды бас еткен,
Жас Алаш ұраны, жас өткен.
Бүгінде сол шуақ жолында
Бүршігін жарғандай жас өркен.
Сол жаста Әміре ән салды,
Париждің даласы тамсанды.
Жыр болып, гүл болып егілген
Жастарым елім деп жар салды.
Сол жастық Сәкенді сері еткен,
Ақан боп, Біржан боп өрлеткен.
Жастықтың кең ашып сарайын
Босаға жақтауын төр еткен.
Сол жастық Мағжанды сендірген,
Өзгеге айбатын төндірген.
Шоқ болып маздаған сол сенім
От етті үмітті сөндірген.
Сол жастық Қанышты көтерді,
Қажырлы еңбегі өтелді.
Тау мен тас, жер байлық қазына
Бұза алмас жас қайрат өткелді.
Сол жастық Қайрат боп түнерді,
Бас иген бодандық күні өлді.
Желтоқсан жол ашқан теңдікке
Жастықта бақ өмір сүр енді!
Сол жастық Нұр ұлын шыңдаған,
Елбасы шыққан шың – нұрлы арман.
Әлемге танытқан қазағын,
Сүрінбей өткелден, шыңдардан.
Осылай жастықта жаныңдар,
Жас жанда жігер бар,
Жалын бар!
Жастықта азаттық ары бар,
Бойымда қазақтың қаны бар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу