Өлеңдер ✍️
Ата-баба жері - бізге аманат
Ата-баба жері - бізге аманат,
Қорғамасақ бізге кінә, жаман ат.
Сұрауы бар судың, жердің, ауаның
Қанымызда бар емес пе қанағат?
Табиғаттың тылсым күші ерекше,
Оны қорғау парызымыз емес пе?
Туған жердің тамсандырар келбеті,
Айналғандай сырлы жұмбақ елеске...
Сексен көлді Көкшетеудан сыр кетпес,
Отырардан сын кетсе де жыр кетпес.
Атырауым, Алтай тауым кенге бай,
Алтынемел, Алатауым шың тектес.
Бетпақдала, Сырдария елге аян,
Сарыарқа, Тарбағатай – кең далам.
Жерұйығым Жетісуым – бар байлық,
Қорқыт ізі, Асан мінген Желмая.
Сағым болмай ораларсың Аралым,
Шыңғыс тауым, Семей жері жаралы.
Жеті қабат жер астына маза жоқ,
Жер-Ананың мөлдірейді жанары...
Орман, тоғай ел дәулеті оталды,
Кім қорғайды оттан да ыстық Отанды?
Байқоңырдай бай жерімді қайтейін,
Ракетамен шаң қаптырар ортамды.
Жайық пен Шу, Есіл, Тобыл, Қаратал,
Бұлақ көзі тіршілікті таратқан.
Іле менен Ертіс жетім бұл күнде,
Мөлдірлігін кім айтады жаратқан?
Ұлытаудың ұлылығын мадақтау,
Зайсан, Балқаш, Алакөлді ардақтау –
біздің міндет.
Болашақтың еншісі –
Бабалардың нақыл сөзін салмақтау.
Қорықтар мен сардаламда сыр тұнды,
Қызыл кітап парақтары жыртулы...
Бабалардан мұра болған жер тозса,
Қайда апарып мекендетем ұлтымды?
Ұран салу ойымда жоқ,
Іс керек.
Табиғатты қорғау үшін күш керек.
Бар адамзат сақтай білсе жер, суын
Болашақтың бағы үшін істелмек.
Жеріміздің сыны, сыры кетуде,
Енжар болдық елге қызмет етуге.
Жаудың шебін бұзып өткен батырлар
Армандаған туған жерге жетуге.
Қайран заман...Қалай-қалай өтуде?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter