Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  193


Автор: Гүлбақыт Қасен

Рухы биік қазақтың

Шаңырағымнан киелі шашып нұрын,
Қасиетті тіліме ғашық күнім.
Кіндігінен қазақтың өсіп-өніп,
Топырағыңды қара жер басып тұрмын.
Зер басылған тілімнің таңбасы бар,
Тәу етеді биік құз, заңғар шыңдар.
Тарихымнан тағылым алып жүрмін,
Аңыз болып сыр шерткен әр ғасырлар.
Сағым дүние зулаған сан қыр ассын,
Бұлбұл әуен әрдайым әнге ұлассын.
Он сегіз мың ғаламда орның бөлек,
Тілім менің – тірегім мәңгі жассың.
Төрт ананы құрметтеп, бас идірген,
Үш бақытын басқадан басым көрген.
Рухы биік қазақтың тілі ғажап,
Саф алтындай сөздерін Асыл дер ем.
Талабынан танырсың өсер елді,
Ана тілмен білімім еселенді.
Болашаққа ұмтылған, барыс елім,
Тілімменен көгертем көсегеңді.
Ғарыштан да еңсесі биік тұрар,
Тілім менің – тәуелсіз билік құрар.
Ұлағатты ұл-қызың бір өзіңді,
Ақ сүтімен ананың сүйіп туар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу