Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  156


Автор: Гүлбақыт Қасен

Өлеңмен сырласу

Жалғыз қалсам өлеңмен сырласамын,
Ақ қағазға арманмен сырды ашамын.
Жүрек үнін тек үнсіз түсінер деп,
Ойнатамын ойға арай, құмға сағым.
Кетем кезіп даланың мұң-соқпағын,
Тәтті сезім лүпілін аңсап жаным.
Есімде әлі нұрлы өмір қуантқаның,
Есімде жоқ сағыныш шаршатқаның.
Өтер уақыт, өтер күн, өмір ағын,
Тақпа менің кер тағдыр жолыма мін.
Нәзік қызбын, әрине жалғыз қалсам,
Қаламыммен сырласып отырамын.
Бірімін мен өлеңмен мұңдасқанның,
Ауыр жүгі жеңілдер сырды ашқанның.
Әрбір ойын өлеңге мұң ғып жазған,
Кейіпкері болармын жыр-дастанның.
Орындалып жанымның от тілегі,
Уақыт өтіп бұл күн де ескіреді.
Сол уақытта албырт ұл, балғын қызға,
Жазғандарым аңыз боп естіледі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу