Өлеңдер ✍️
Жеті түс арқылы таныстыру
Аталса аталы сөз нарқыменен,
Жол табар жүрегімнен шалқып өлең.
Өзімді таныстырам жеті түспен
Қазақтың қанға сіңген салтыменен.
... Бір дана келіп,
түсіме еніп, сұрады:
- Қалқам, атың кім ?
Текті жанбысың, затың кім ?
Тосын сұрақ па,
естір құлаққа.
Әлде бұл – бір сын,
дегендей, ел-жұрт танысын.
Жетелеп дана,
ақырын ғана
шығарды биік мінберге,
Мәнісі зор-ау, білгенге.
...Мен сөйлеп кеттім:
Есімім менің – Гүлбақыт
Қасен атаның ұрпағы.
Бұйырмай жүрген ұл тағы,
Хан тағы емес сұрарым.
Мақсатқа толы ер жүгі
Шамам да сірә, белгілі.
Сипатым менің:
аққұба өңді, қиылған қасым, қаракөз.
Туылған жылым – мың тоғыз жүз жетпіс бес.
Білімім менің:
Мектепте –алтын, институт – қызыл, кілең бес,
озаты болдым,- дей бергенімде,
- Мақтану, қалқам, жөн емес!-
деді де дана,
ақырын ғана ғайып боп кетті тағы да.
Мен сөйлеп кеттім:
- САРЫ түс - менің балалық шағым, баспалдақ,
Жаркент жерінде өмірге қадам басқан шақ.
Сары балапан, сап-сары алтын күз едік,
Өмір ағартқан сондағы сар қыз біз едік.
КӨК шыбық көктеп өркендеп өсіп өнеді,
Балдырған бала білімге көңіл бөледі.
Айдарлыдан да, Қоғалыдан да оқыдым,
Үздік біліммен санама көп ой тоқыдым.
ҚЫЗЫЛ аттестат, Талдықорғаным, қайдасың?
Талапты жасты білім сынағы байқасын.
Ілияс бабам аруағы мені қолдады,
Сырын меңгердім ұстаздық өмір жолдағы.
ЖАСЫЛ жастық шақ, ғашықтық тұрды қол бұлғап,
Жалындап тұрған жастарға қарсы кім тұрмақ?
Еңбек жолымды мұғалім болып бастадым,
Кеудемді тербеп ұстаздық дейтін асқақ үн.
АЛҚОҢЫР түстей Ұстаз мінбері лауладым,
Білім жолында биігін көрдім таулардың.
Үйрендім талай алдыңғы толқын ағадан,
Есімде әлі алғырсың деген баға алғам.
Көкжиектегі АППАҚ түс көркем өң берер,
Адам өмірі диірмен тасы дөңгелер.
Шәкірттерімнің алғысы көкке көтерді,
Жақсы ұстаз деген атақты маған әперді.
КӨГІЛДІР түспен өркендеп, көктеп келемін,
Әлі де анық жақсы жандарға ерерім.
Жетісу жерім, қызыңмын сені сүйетін,
Ақыл мен көркім бұрым боп қатар өрілген.
Асырып айттым,
жасырып айттым сырымды...
Дана қария тыңдап тұрыпты шынымды.
Жүрекке құйды ұстаздық жолда ілімді,
Қанжармен жанып қасиетті ана тілімді.
Дана қария жеті түспенен бақ берді,
Ахаңдар ізі көрінер жолды сап берді.
Небір құпия өрнекті кітап ұсынды,
“Ұшырып алма бастағы бақ құсыңды!”-
деді де ғайып болды ол ...
Ойланып тұрмын, өңім бе әлде түсім бе...
Есте сақтадым ұсынған жеті түсін де.
Әлемнің жеті кереметіндей көрінді,
Киелі санмен ой толғанысым төгілді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter