Өлеңдер ✍️
Жетісудың астанасы
Жетісудың астанасы – айбыным,
Жетісудың бас қаласы – айдыным.
Қасиетті жеті шырақ – жеті өзен,
Еркелетер көкте күліп Ай, Күнін.
Шомылдырып Ай сәулесі қаламды,
Күн шуағы нұрлы етер даламды.
Жер жаһанды жеті айналып өтсем де,
Өзге жерге тірей алман табанды.
Жер жұмағы Жетісудың тұмары,
Хандық құрған қазағымның тұрағы.
Жеті қабат көктің жұтса ауасын,
Перзентіңнің қана ала ма құмары?
Талдап өрген жеті бұрым аялы,
Тал көмкерген – қорған сауыт саялы.
Айналып бір шыға келер тоғайға,
Су бойына қадай салған таяғы.
Әсемдігің – ару қыздың ажары,
Бақыт нұрың – балалықтың базары.
Талдықорған, елдің сенде ырысы,
Талдықорған, жұрттың сенде назары.
Сұлу қала, ғажап қала, бақ қала,
Ұл мен қызың берекеңді сақтаған.
Талдықорған, ел өзіңмен мерейлі,
Талдықорған, мен өзіңмен мақтанам!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter