Өлеңдер ✍️

  10.05.2022
  160


Автор: Гүлбақыт Қасен

Өлеңге сыр

Жанымды ұғар дәл өзіңдей кімім бар?
Сен болмасаң өліп кетер түрім бар.
Мұңайғанда қарс айрылар жүрегім,
Ей, Өлеңім,
мені қуант, тілімді ал!
Қуануға қақы бар-ау иеңнің,
Киелі Өлең, саған басты иемін!
Менің бүкіл тағдырымды, қайғымды,
Сен түсіндің, сол себепті сүйемін!
Қу жанымды шүберекке түйгенде,
Бір басыма қайғы бұлтын үйгенде.
Қол созасың тек сен ғана, Өлеңім,
Сағыныштың жыр қамытын кигенде.
Пана болмай салқар дала, көк аспан,
Жарық күнде жол таба алмай адасқам.
Ей, Өлеңім,
сен төзіммен жеңесің,
Тек өзіңмен армандарым алға асқан.
Қиын сәтте мені ұлықтап, демедің,
«Сені ұқпадым, түсінбедім» демедің.
Барым да сен, Арым да сен,
Өлең-жыр,
Сен болмасаң менің қанша керегім?
... ең болмаса, сезім қалса деп едім,
Сен аман бол, сен аман бол, Өлеңім!
* * *
«Айналаңның бәрі өлең»
Мұқағали
«Айналаңның бәрі өлең» –
таңба қалған ғасырдан...
Жетелейді бір әуен –
аспанға сыр жасырған.
«Айналаңның бәрі өлең» –
жер мен көктің арасы.
Жазып жүрмін дәрі-өлең –
емдер жанның жарасын...
Бұл бір өлең өзінше –
бедері әсем білінген.
Қалғып кетіп көз ілсем,
кірпігіме ілінген.
Сезім-өлең ұмтылса,
сырға батар тұңғиық.
Жанарыма жыр тұнса,
үзіп алам мұң құйып...
Бұлақ-өлең көктемім,
тасқа тұнған мөлдіреп.
Жұлдыз сөнсе, көкке – мін,
күрсінемін«өлді» деп...
Тағдыр-өлең тәуекел,
намысымды қамшылар.
Қасиетке тәу етер –
арым биік, жан шығар...
Өмір-өлең жазылар
көктем болып көзіме...
Көңілдегі жазулар –
мәлім жалғыз өзіме...
...айналамның бәрі өлең!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу