Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  157


Автор: Сабыр Адай

Шын бақыттың сәулесі

Көңіл-мешіт көріктенсе, нұрланса,
Сол көңілде сансыз сұрақ тұр қанша.
Іштегі əлем сырттағыдан өзгерек,
Өтті өмірің артқа мойын бұрғанша.
Өкінішпіз, өксік толы ғапылмыз.
Əлсіз əдеп, нəр бітпеген тақырмыз.
Қос жағалау біріне де жете алмай,
Қақ ортада қалып бара жатырмыз.
Жаратқаннан аяушылық іздеген,
Айыбы көп пендеміз ғой біз деген.
Қалыбыңа Хақтан болсын шапағат,
Басқа ештеңе сұрамаңыз сіз менен!
Бұлбұл тілім бір Алла деп сайрасын,
Жансын отқа, ғазиз басты байласын.
Шын бақытты көрсем деп-ем сəтімді,
Жүрегімнің бір тазалап айнасын.
Қанағатсыз тəн тілегі қанбай ма?
Алдамшы өмір, У тірлігің балдай ма?!
Қалғып кетсем қашып шығып жүрегім,
Алланы іздеп аттанады шалғайға!
Қайран жүрек қорландың-ау қамалып,
Тал бойыңды барады, əне, зар алып.
Талап жатыр сенің аппақ жүзіңді,
Мысық тырнақ мың бір шайтан қадалып.
Шын ықылас, ниет адал, тілек-күн,
Күннен көрік іздеймін деп жүдеппін.
Қай дегенін жасап жүрміз біз байғұс,
Аманатқа қиянатсыз жүректің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу