Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  130


Автор: Сабыр Адай

Әлсіздердің таяқ кетпес басынан

Кімнен сұрап білсем екен нарқымды,
Ел тұсаулы, ер шындықтан тартынды.
Көгендеулі төбешікке көп қарап
Қақтың суы
Қарғыс айтып сарқылды.
Көк найзағай жер желкесін жентектеп,
Өмір зая көп күнімді өрт етпек.
Қасқа жолда түсініксіз бір дəурен
Көрінгенге кетті еріп сөлтектеп.
Мен де жүрмін жол айрықта адасып,
Адасқанға жатқан кім бар қарасып.
Көже қарын – сары табақ, күлшелі,
Бара жатыр ит пенен құс тарасып.
Бодансың ғой!.. Қайдағы сен азатсың?!..
Иман талау құлқыныңа мазақсың.
Табанында жылап жатыр болашақ
Бірін-бірі басқылаған қазақтың.
Біздің жүрек көп қорлықтан жасыған,
Қырсық кетпей қайран елдің қасынан.
Ал, ұлысың!..
Бірақ сақта есіңде,
Əлсіздердің таяқ кетпес басынан.
Сүйгендіктен өртенеді қан жүрек.
Көз жасымды нақақ тамған ал күреп.
Бақ тілейсің басқа қандай амал бар,
Аз халыққа қанша өмір қалды деп.
Сақтанбаса,
Бақ талғаса менменсіп,
Тамшы өлтірер тасты жеп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу