Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  165


Автор: Сабыр Адай

Сырлы суат көңілім

Жүрегімнің саусақтары дір қағып,
Жанның сыры,
Тəннің тіні,
Мың қабық.
Есі кетіп əлем маған қарады,
Күбір-күбір,
Жыбыр-жыбыр,
Тыңдалық.
Əлсіз болсаң
Тіреспе де,
Күреспе,
Өлесіңіз жынданып.
Айға сүйеп кірпігімді қалғыдым,
Жанды Кім?
Мезгіл деген – мекерің,
Кетті жалап барлығын,
Ал бүгін.
Қолтығынан
Ажал өріп барады,
Қонышынан тиын аққан малдының.
Көрдің тісі
Кеміреді бұтарлап,
«Ақ» боп жүрген сүйегінің қалдығын.
Жарлы кім?..
Малды кім?..
Тамағыма тұрып алды
Қылқан боп,
Түйір мұң.
Жə, ендеше мені де сол тауып ал,
Құйынмын.
Нөсерлеткін,
Селдет жырым, құйылғын.
Тамырына нəр қылғанша
Жүремін,
Жусан менен бұйырғын.
Сырлы суат – көңілім!
Өлең менің – өмірім!
* * *
Əр жұлдызда бір-бір тамшы нұрым бар,
Ай аруға түнде шығып ұрын бар.
Қара түнде сұлулық бар, сымбат бар
Қарғам, кəне, тұрыңдар!..
Тылсым түнде жыр базарын қыздырып,
Ай күледі ақ парақты сыздырып.
Іңгалайды менің байғұс жүрегім
Жел мен бірге ызғырық.
Жалғыз шықты іңірде,
Соның бəрін көрші үйдегі қыз біліп.
* * *
Мынау бейне таныс бейне таң қылды,
Өткен күнді өксіп еске салдырды.
Зерең толы
у еді ғой дүние,
Тəтті елес соның бəрін бал қылды.
Мына дауыс жүрегімнің кілті еді,
Кірпігіме еріксіз жас іркеді.
Өте шықты дəурен көшіп алдымнан,
Жел мен бірге желбіреген шілтері.
Жас баладай жəутең қағып ұмсындым,
Көңілімнің көшірген сол бұлтын кім?!
Мен соғысқан бұлттай болып шатырлап,
Сен толысқан айдай болып құлпырдың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу