Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  238


Автор: Сабыр Адай

Жарқын болашақ және жан тазалығы

Құла жирен, құлаша таң, құла таң,
Айыр бура, шудалы бұлт , бұла таң.
Өркешіңде өркениет жылап тұр,
Өмір деген Тəңір-алды сынақ бір.
Нардай шөгіп тау біткеннің қарасы,
Боздап жатыр нар қоспақтың баласы.
Желбұйдасы жібектен-ді ғасырдың
Шырмап алды шырғал шыңның басын мұң.
Қайыс тартпа, күміс доға, айыл-дүр,
Ер құлауға, ат тулауға дайын жүр.
Астан-кестен ер-тұрманы бауырда,
Жыланбауыр қамшы ойнайды сауырда.
Тебінгісі терге малшып жыртылған.
Əлем сенің əлем-жəлем түр-тұлғаң!
Бір сұмдыққа бет түзеген кекілдім,
Қайырады бұл сұмдықтың бетін кім!?
Маңдайдан қан, көзден жасы кетпеген,
Жұмыр жерде жүріп келем еппенен.
Жетім көген, жесір желі, қыл шідер,
Көңіл босап, көзіңе жас іркілер.
Бота боздап, құлын жүрек шұрқырап,
Көрінгеннен көңілге бақ тұр сұрап.
Қара тастай ниет біткен күмілжі,
Ауыз ашсаң көмейіңе үңілді.
Маңыраған қошақандай түртіншек,
Қу тірліктен қалар пенде бір күн шет.
Бəрі жалған, өткінші бұлт күркілдек,
Ақ жаңбыр боп жылап алар бір күн кеп.
Көз жасыңнан өмір-дастан тамшылап,
Ажал келіп айыл-төстен жаншымақ.
Сол бір сəтте иманнан гүл іздерсің,
Тəн қалауын Тəңір тұсап, тіздерсің.
Жан сарайың гүл тағынсын иманнан,
Хақтан мейір, халалдан дəм жиған жан.
Болашақтың жарқын күні – жан нəрі,
Нұрлы талап, таза рух бар мəні.
Сəби тілек – мөлдір бұлақ нұрдан-ды,
Жан кірлесе жаһанды Хақ ұрған-ды.
Бүлдіршіндер жұмыр жердің қорғаны,
Жүректерім бұлбұл құстай тордағы.
Жан тазармай жарқырамас күніміз,
Өңкей дүрміз, өзімшілміз, ұлымыз!..
Кісіліктің келбетінде барлық бақ,
Алтын берсе ауыстырма сандықтап.
Иман-ұят, ар мен намыс, əділдік,
Соқыр əлем сол даңғылдан жаңылдық.
Сəби көрсең: «Періште!» – деп мақтап тұр,
Солар үшін Құдай жерді сақтап тұр.
Тазалыққа тəуелдіміз кіл мұңдық,
Əр бүлдіршін бір-бір бақыт, бір-бір құт!
Жолдас болмас атақ-мансап, жиған да,
Жарқын күннің жалғыз кілті иманда.
«Мəңгілік ел» болмақ болсаң зайырлы,
Ұл өсіргін қанағатшыл, қайырлы.
Ханың болсын құдай сүйген ұлықты,
Қызың болсын ұлыңа сай қылықты.
Халқың болсын иман шамын күзеткен,
Бірін-бірі үнсіз сүйген ізетпен.
Құдай сүйген ғалым менен ғылымды,
Бала сұра ұятты һəм ұғымды.
Көкірегін мұнар басқан, шаң басқан,
Біздің ғасыр қан тілеген алдаспан.
Жатсақтағы арам пиғыл, жастап кір,
Дүниені СƏБИ-ТІЛЕК сақтап тұр!
Сəби күлді, күлкісінен бақ таптым,
Бала тілек, шырын шындық, аппақ күн.
Тазалықтан ажырамас жүрегі,
Сəбилер ғой тыныштықтың тірегі.
Бай – патшасы, би – төресі заманның
Сəбилерге кілтін берің ғаламның!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу