Өлеңдер ✍️
Сексеуіл тектес ұлт едік
Жақсының бойы-жан ізгі.
Жаныма нұрын тамызды.
Айбалта бірақ неғылсын,
Атадан қалған аңызды.
Қабыртқа тұсы ашылып,
Ақ құмдар қалды басылып.
Тамырдан шауып талқан ғып,
Сексеуіл жатыр шашылып.
Бел берді міне беріктім,
Күлі де шықты көріктің.
Боз қаңбақ боздап жөнелді,
Үстінен аттап өліктің.
Сексеуіл сертке құл еді,
Серттесіп мың жыл тұр еді.
Тамырын шапқан ай балта,
Өзінен туған ұл еді.
Сексеуіл өлді селдіреп,
Өлгенім дұрыс енді деп.
Өзімнен шыққан мəңгүрттер,
Балтасын қайрап келді деп.
Қайдағы ойға берілдім,
Белімді жазбай егілдім.
Ауылға шауып қу надан,
Атаңа нəлет не білдің!?..
Надандар қаузап іргеден,
Болмадық жолдас кімменен.
Сексеуіл отқа құлады,
Жанарын алмай бір менен.
Наданның көрдік қорлығын,
Қазады бұған орды кім?!
Сексеуіл тектес ұлт едік,
Балташыл болды ол бүгін.
Жақсының бойы-жан ізгі.
Жаныма нұрын тамызды.
Айбалта бірақ неғылсын,
Атаңнан қалған аңызды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter