Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  180


Автор: Сабыр Адай

Енді, әрине, қазақпыз!

Ақыл берді, сана берді Хақтан-нұр.
Ойсыз елді опасыздар таптап жүр.
Ұлт боп тұтас
Бірге ойлауды ұмытқан,
Əр қазақтың аяғында қақпан жүр.
Қазақсың ба!?..Енді, əрине, Қазақпыз!
Дұрыс!..Дұрыс!..Таудай ұлы талаппыз!
«Ұлт боп қалсақ» деген сөзге шеберміз,
Ұлт боп бірге арлануға салақпыз.
...Қазақпыз!
...Қазақпыз!
...Азатпыз!
Қазақсың ба!?.. Енді, əрине, қазақпыз!
* * *
Сен осынша кір ме едің!?..
Қарға-құзғын қайдан келген білмедім.
Аққулардың ақ төсіне таласқан
Жер қауырсын, шаң аспан
Жаңа ғана ілдіріп тұр ілгегін.
Ыңырсиды
Ырыс алды арулар,
Ұйқы сұрап қара көзі қамасқан.
Жатыр төсеп, жаулар менен жанасқан,
Үндемейді тістеп алып тілдерін.
Адасқан!..Адасқан!..
(...Ел болдық қой, не десеңде жарасқан)
* * *
Ақыл сұра көпті көріп жүргеннен,
Жаман жақсы бола қоймас күлгенмен.
Балағыңда қанша иттің ізі бар,
Үрмегені жаманырақ үргеннен.
Бұрынғының нақылы ғой бұл дағы,
Бұлдай-бұлдай нақыл сөз де құрғады.
«Өлең-сөздің» – деуші ме еді – Патшасы»,
Патшаның да шығар шықпас тұр жаны.
* * *
Хан жылайды: «Еңбегім еш, сормын» – деп.
Қара жылар: «Қасқа болдым, қормын» – деп.
Шекарадан шетсіз дұшпан үңілмек:-
«Кəне, көрсет, қайсы менің орным» –деп.
Бесігіңнің қоңырауы сылдырлап,
Əр қазақты «емізіп жүр» бір-бір жат.
Көк аттының көрпесінің астынан,
Жесір көңіл, жетім қазақ шыңғырмақ.
* * *
Дауылпазын даңғыратып мақтанның,
Ештеңені естімей-ақ ақталдың.
Мен отырмын сая таппай ішінде,
Ұят қысып солып қалған бақтардың.
Бар, бара ғой,
Дабылыңды даңғырат.
Болсын дей бер ұлы көштің алды бақ.
Қалай көшпек ғасырлардан ғасырға,
Бір көпірде, мың қазаққа жалғыз ат?!..
* * *
Өмір сүрдім оның несі жаңалық.
Əрбір таңда, ескі сырқау, жаңа жүк.
Уақыт сорды рухымның дəрменін,
Таскенеше қадалып.
Қара бұзау – қара тұрмыс санамыз,
Мөңіреп жүр, екі көзі аларып.
Еміп жатыр,
Жүрегімнің түбінен,
Жан берісіп, жан алып.
Мына халық талай көрген сұмдықты.
Жыр мен туыс мұңдық-ты.
Өлең сенің бірақ енді не теңің,
...Жоқ, жазбаймын, жыр бітті!
* * *
Ел сіңгесін санаға,
Ер жолынан танама!?
Ұлыңыздың бойында,
Қазақ бар ма, жан аға!?
Осы сөзім ойын ба!?
Тұрмыз, міне, тойында.
Қалай саған ұл болмақ,
Ұлт болмаса бойында.
Ұл ұжданың, арың да,
Ұлт бойында барында!
Ұлт болмаса жанында,
Тек бір бас пен қарын да.
* * *
Шөлдедім саған сазды жыр,
Өрілген өлең наз ғұмыр.
Қамшыдан қысқа өрімі,
Тамшыдан мөлтек аз ғұмыр.
Арпалыс пенен аңдысып,
Қыңсылап өтер жан күшік.
Ындындар жатыр тойымсыз,
Ылдиға құлап қан құсып.
Балағын жыртып жабысып,
Мың бəле жатыр табысып.
Сүйеніп отыр балдаққа,
Иманның іші қабысып.
Тірліктің сəні кеткен бе,
Ойлайтын солай тек мен бе?
Артыңа бір сəт қарарсың,
Алдыңнан ажал жеткенде.
* * *
Көпті жұтқан бұл аңғар,
Шыңғырысқан құлан бар,
Шын тектіден ұлан бар,
Соның бəрін білетін,
Алып біткен жыр есін,
Таңдайында торғайдың,
Біз білмейтін бір əн бар.
Сорлы торғай сорлады,
Өледі енді ол дағы.
Елдің сырын сұраңдар.
Ердің құнын сұраңдар.
Қырдың есін шығарды,
Қызыл-жасыл ұрандар.
Таңдайында торғайдың,
Біз білмейтін бір əн бар.
* * *
Алтын-ды дəндей қырманың.
Алғаусыз мөлдір сырларың.
Жетім де менен жесірді
Жебеп жүр сенің жырларың.
Жүктесең маған жыр жүкте,
Жыр күтер бізден бір күтсе.
Мұқаңдар1 барда бұл Қазақ,
Панасыз болмас тірлікте!..
* * *
Тұңғиыққа кірпік қадап алқындым,
Жұлдызынан сəлем айтып əр түннің.
Мен басқаша тілек тілей алмаймын,
Көп сұрадым бақ-баянын халқымның.
Айды көрдім, есен көрдім еліммен,
Төрт құбылам, ұлан-байтақ жеріммен.
Сені сүйген жан лəззатын кім білер,
Айырмашы сезімім мен сенімнен.
Таңды қара тамашасы нұрында,
Туған елсіз ғұмыр ма!?
Кесілген бас, төгілген қан тым қымбат,
Тұр ма туым тұғырда?!
Жаным менің ұлан-асыр мақтаныш,
Көрсетпедім жатқа күш.
Табан ет пен маңдай тердің өтеуі,
Кім болсаңда адал сөйлеп, ақтан іш.
Отаным ғой, қалың қазақ егізім,
Тай басады, тұлпар туған ер ізін.
Түп тамырым ұлы Тұран-Ақ Ордам,
Қалың Түркі қағанатшыл негізім.
Ордам менің алтын зерім, ақ тілек,
Өттік-кеттік, міне, біз де бақ тілеп.
Өз даласын сүйіп өскен сүрлеуде,
Итаяққа құл болмаған қасқыр ек.
* * *
Кім береді өткен күнді қайтадан,
Жөн болады байқаған.
Жөткірініп көксау бұлттар мұң шақты,
Күбі қарын шайқаған.
Ол есесін таңнан алмақ жаңбырлы,
Жан тамшысын қалдырды.
Тəңір шебер уысында тағдырың,
Жоқ кезіңнен бар қылды.
Бар күніңнің бағасын біл, құнға-құн,
Иман айтып, ұят меңзеп тұр мəнін.
Отанды сүй, ел дегенің бір жұмақ,
Тек сонымен баяндысың ұлдарым!
* * *
Бір жақсылық күтіп тұрмын
ақ таңнан,
Күдік қылып, сақтанғам.
Жапырағы
Жылда қайта көгерген,
Үміт деген аумайды екен ақ талдан.
Бір жақсылық,
Бір қуаныш кешкім кеп,
Арман қуып ақша бұлт боп көштім көп.
Қайран ақын
Аңқаусың-ау, аңқаусың,
Тілегіңді кім Тəңірге жеткізбек?!
Жыр жазайын,
Жырым ғана жанашыр,
Мынау өмір мізбақпайтын қарасұр.
Етегіңді
Түріп ала қашасың,
Саған айтсам аға сыр.
Тегін ақыл –
Теке сынды сасыған,
Селкеу сақал, мүйіз шыққан басынан.
Жүрегіңді жібереді
Айнытып,
Өтсең болды қасынан.
* * *
Көшіп жүрміз,
Есіп жүрміз самал боп,
Есіркеуге, есінеуге шамаң жоқ.
Қайдағыға
Қолын созып жүгірмек,
Енді, қайтсін, туылған соң адам боп.
Жүгіріп жүр,
Əр қиялға қонақтап,
Маңдай терін майдан кешіп сораптап.
Қайда барса
Қара түнек қаптаған,
Дүниеде бар ма өзі жол аппақ?!
Əне, анау,
Жүгірді де құлады,
Есі кетіп тұр əлі.
Ал, ананың,
Еңбегі еш, тұзы сор,
Жаңбырлатып бұлтпен бірге жылады.
* * *
Əлсіздерге атқан жоқ-ты таң əлі,
Құрбан болар əлсіздерің сан əлі.
Пілдің жолы –
Түссе үстінен илеудің,
Құмырсқаға көшу ғана қалады.
Қара байғұс
Хан мен жолдас болмайды,
Естігем жоқ ондайды.
Қой дос болып
Жарытпайды қасқырмен,
Қазаққа айтып керегі жоқ ол жайды.
Хан туласа қан шашылып тынады,
Қабыртқаңыз сынады.
Жер бетінде
Құмырсқаның барлығын,
Білмейтін де болар, тіпті, піл əлі.
Билік барда болар оның бір зілі,
Ақиқатпен өлшенеді тіл құны.
Халық – шыдам!..
Шыдамда да шек болмақ,
Бір асқанға, бір тосқан бар шындығы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу