Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  161


Автор: Сабыр Адай

Көгершін көктің құрбаны

Қанатыңның қауырсынын көрдім мен,
Түстес екен зеңгірмен.
Көгершін деп ат қойыпты жан бабам,
Көкпен туыс екеніңді ел білген.
Бейбіт күннің тұмарындай қадірлім,
Бөлшегіндей бүлкілдеген жанымның.
Тереземнен телмеңдейсің не біліп,
Мен де сені сағындым.
Үнсіз қарап қалғып кеттің тұнжырап,
Мен бармын ғой біл бірақ.
Көкті тіліп бір қаршыға келеді,
Жанталастым терезені ұрғылап.
Оянбадың,
Сені ояту қиын-ды.
Көк қаршыға көктен төмен құйылды.
Кеш оянды кетті іліп қаршыға,
Көк желкесі көкпарша боп қиылды.
Мен кінəлі,
Кім кінəлі тағы да?
Кімге барам зар-күйіктен шағына.
Көгершіннің кесті үкімін қаршыға,
Қарамай-ақ қарасы мен ағына.
* * *
Жол жаңылып, табан естен танған-ды,
Талпынды да алданды.
Суға кеткен жан екен ғой сұм тағдыр,
Жан ұшырды, қарманды.
Сен де солай келесің бе көркемім,
Бітпеді ме ертегің!?
Бүкір айға сүйеу болған кірпікпен,
Кінəратшыл жанның сазын шертемін.
Қолын бұлғап жағалауда үміт тұр,
Ұлықтайды ұлып қыр.
Жердің шетін арман қуып іздеген,
Жел шапанды жігіт тұр.
(...Алданғанын біліп тұр)
* * *
Алладан сұрап жыр жаздық,
Ақ уыз, аппақ сыр жаздық.
Өмірміз өртке шалыққан,
Гүл секілді бір жаздық.
Сағынып жаздық өлеңді,
Сарғайтып таңды төл өрді.
Тасқыны таудай дария,
Біздің жыр қашан бөгелді.
Кемерден асып керілді,
Керімсал сазға телінді.
Өлеңді солай жаздым мен,
Қалай сүйсем елімді.
* * *
Көл түбіне ай жатты,
Көңілдің түбі тұңғиық.
Жұлдызын аспан жайнатты,
Жұмбақтау жанға жыр құйып.
Сұлудың көзі мұнарлы,
Ер түнеп кеткен төсіне.
Қайырып əрең құмарды,
Қарайды бұлттың көшіне.
Бал құрақ сайдың сыры бар,
Бал ерін ару күрсінді.
Əн айтты сосын тұрып ал,
Көзіне жасы іркілді.
Ұмыт боп қалар ол түнің,
Олжасыз емес тағдырың.
Қыздырған ердің қолтығын,
Сəтіңді еске ал күнім.
Ай жатыр көлдің түбінде,
Құлаған көктен, ғарыштан.
Сұғына жаттың ілінбе,
Тар жерде жан ең танысқан.
Көйлегің қызыл гүл екен,
Көңілің айды тербеткен.
Өсірген сені кім екен,
Ер үшін жансың ержеткен.
Қызыл гүл көрсең таптамаң,
Қызғалдақ екен ол да бір.
Ер едік еңку ақтабан,
Азығы ердің жолда жүр.
(...Дəурен ғой, шіркін, сол да бір)
* * *
Қошақанын қоңыр тоқты жалады,
Бауырынан уыз сүті тамады.
Мекіреніп, мерейленіп анасы,
Сосын үркіп ит пен құсқа қарады.
Иттің тісі көзінде тұр ілулі,
Сұқ қарғаның қос қанаты түрулі.
Қамарынан сыйпап көріп қозының,
Қара шалдың бір саусағы бүгулі.
Қошақанын қолтығына тығады,
Сол ажалың жетсе саған кім əлі.
Қой өзінен тұңғыш рет іздеді,
Əлсіз болып туғаны үшін кінəні.
Кер тоқтының бал үміті еш еді,
Соры қалың қой біткеннің бес елі.
Бүгін міне жаға болды бір тонға,
Тəй-тəй басқан қошақаны кешегі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу