Өлеңдер ✍️
Көкжалдар аңызы
Мен – аршамын!
Менің ием көк арша,
Тау төсінен көктеп шыққам соларша.
Күлгін бүрден тұмар тағып алатын,
Көкбөрі ұлдар күн түбіне жол алса.
Көк аршамен көмкерілген бесіктен,
Көкжал жайлы көне аңызды есіткем.
Арқыраған айғыр дауысы жететін,
Ақпан желі ұрғылаған есіктен.
Ай күзеткен апанынан безінген,
Арлан текті тарихым бұл көз ілген.
Көкбөрі анам омырауымен ып-ыстық,
Көк аршаның нілін қосып емізген.
Қайғылы Алтай -
Менің ғазиз жөргегім,
Жерошаққа кіндігімді көмгемін.
Мизам желі маңдайымды мұздатып,
Арқар қаны менің алғаш көргенім...
Жортуылдан жанын толғақ қысып кеп,
Айбұлақтан арша рухын ішіп тек.
Жатыр әне, тым жансебіл сыңарым,
Көк аршалар арасында күшіктеп.
Орман жырын біздің қаншық –
Ай-қыздар,
Қар бетіне қанмен жазып айғыздар.
Біздің жалғыз қормалымыз қара түн,
Бізді жалғыз түсінеді байғыздар.
Желкесінде жұлдыз құрттар жамырап,
Мынау орман қалады ертең қаңырап.
Жалқы туған бөлтірігімді иіскелеп,
Жатам жалғыз апанымда аңырап.
...Мен аршамын!
Арша, Бөрі - бір ұғым,
Көк аршамен жуады анам бұрымын.
Көкжал қандас үйірімді шақырып,
Көк жүзіне қарап ұза-а-ақ ұлыдым!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter