Өлеңдер ✍️
Қыранмен сұхбат Баллада
Көк жүзінде ұшып жүр:
шағала да,
қарға да,
Шағала еркін қалқиды,
қарға болса зорлана...
«Ей, шағала, аспанмен табасың сен жарасым,
Ал сен, қарға, қалбағай, биіктікті қорлама!»
«Құс патшасы, қыраным, қайда жүрсің сен өзің,
Ақ, қараны айырар қайда дүлей мінезің?
Шағаладай шандоздар шалқи берсін көгінде,
Қарғадайын қарабет
қандай оны білесің!.»
Бұл ойыма өр қыран маңғаз басын шайқады,
«Болмас жайды айтасыз, оң да болса қайдағы,
Шығып алған төбеңе таусылар ма қарға бұл,
Құртсаң бірін, қарқылдап, мазаны алар қалғаны...!
«О, қыраным, дей бердім, мен де ішімнен түңіле,
Жетер қарға бір күні өзіңнің де түбіңе.
Жанарыңның жарқылын сен оларға қадап көр,
Қарға біткен қашқақтап, тығылар ма ініне...
Қара қарға ақыры ақ қардан да қара үзер,
Қарғаңызға қол емес, біле білсек қара жер».
«Жоқ,-деп қыран бас шайқар, қара жерге –анаға
Қарға болсын, амал не, іштен шыққан бала»,-дер.
Жауап таппай бұл сөзге іштен тынып, тиылдым,
Жауар бұлттай түнеріп, нөсер болып құйылдым.
Қалбалақтап күн кешкен қара қарға шіркінге
Қыран ұшқан көк жүзі, қалай ғана бұйырдың?!
Жер бетінен дей бердім, қашан өшпек қаралық,
Көкке қалай самғайды, көрде аяғы қарға нық?
Қаламыма жармастым әділетсіз дүниеде,
Қарға самғап жүргенге жаным күйіп, арланып.
Жұлдыз жанар ғұмырда ерік беріп қарғаға,
Топас ойға тұтқын боп, тірлік кешіп алдана,
Көкке ұшқан кей қыран өз жандарын қорғаумен
Кейде одан да жерінген, қарға-өмірден арлана...
Қайтпек енді?
Қарғаға
болғанынша қол бала,
Кешкенінше пәс ғұмыр тәтті арманы қор бола,
Түңілген ғой, жарықтық, тұл секілді пәниден,
Болғанымен тілекші өр ұлына сорлы ана,
Алтын таңның шапағы қара бұлттан қайысып,
Қаралық пен ақ әлем бір-бірімен сайысып,
Қанша ғасыр жасаған текетірес дүние
Шайқалған ғой алапат долы желмен майысып.
Долы желмен майысып, кәрі емендей қажыған,
Өмірінің өтпелі қысы менен жазынан...
Сезем Бүгін, Әділет, сенің өршіл Рухыңды,
Дәуірімнің дауылпаз ерлік үнді сазынан.
Осы сазбен өзім де мәңгі өмірді тербеймін,
Қасиетсіз қарғаның тұл тірлігін тергеймін.
Менде сенің даусың бар, естір болсаң, замана,
Құдіретің бар сенің тұла бойды кернейтін.
Мен өзіме сенемін,
сендім және Бүгінге,
Жарқын заман – жыл құсым – қыран болған күнінде,
Жұлдызың боп жарқырап, Айың болып туармын,
Қарғаларды құртармын жер бетінен түбінде!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter