Өлеңдер ✍️
Абылай
Я, әруақ! Я, Абылай! Абылай!!
Қас ұлдардың жолын оңғар, а, Құдай.
Қаймана елдің басылмасын еңсесі,
Қалың қазақ шашылмасын тарыдай.
Я, Әруақ, құрбанымын намыстың,
Рухын көтер, даңқын көтер Арыстың.
Абылайлап алға ұмтылған ер Мансұр,
Абылайлап басын кесті Шарыштың.
Ордасына ақ ту ұстап оралды,
Бағылан ұл шарт жүгінді хан алды.
Қасақана қан сасытқан даланы,
Қан құмар бас кесілмесе обал-ды.
Түркістанда түмен қолын түнетіп,
Сарыарқада сан сардарын түлетіп,
Ата жаудың бұрымдысын тұл етіп,
Екіленген ерсымағын құл етіп.
Ақ ордасын айналдырып обаға,
Арғымағын ер астында жүдетіп,
Қашқан жаудың артынан оқ үдетіп,
Қалмақ қолы қансырады күні өтіп.
Ер Абылай, хан Абылай, Абылай!
Қалмақ басы шашылды бір тарыдай.
Марқасқасы маң далада босты бір,
Өскен ұлы өз әкесін танымай.
Сарыарқаға көз алартып енді кім,
Сыр бойына сұғын қадар енді кім?!
Үш жүзімнің шаңырақ қып бірлігін,
Кереге етіп орда тіктік кеңдігін.
Қас Сақ ұлы, Абылайла, ұранда,
Бізден мықты ел болған жоқ Тұранда.
Абылайдың әппақ туы айналды,
Көк жүзінде күн көтерген қыранға.
Бізден мықты ел болмайды Тұранда!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter