Өлеңдер ✍️
Мен сонда
Бір жер бар сауан деген ұланғайыр,
Бабалар тартып мінген құланға айыл.
Бұйдалап түйекиік жетелеген,
Туады осал болып мұнан қай ұл.
Ең биік жерінде ерен қабырғаның,
Болмайды мұнда өскен ел қамында мұң.
Мұз тауда көшіп қонып жүру деген,
Қолында қажыр менен қарым бардың.
Ну орман сыңсыған сай саласында,
Жер сүйсең мекенденіп қал осында.
Құтында, бақытында құрап жатқан,
Қорқыстың толқып аққан сабасында.
Алтын ғол, қызыл өзен күркіреген,
Бу атса ақ жауынды бұлт түнеген.
Жайлауын ұлыұжан мен дазымяудың,
Бейіштен санамаймын тіпті де кем.
Көлбіреп көк көйлектей етегі кең,
Күн жауса гүлі бүрлеп көтерілген.
Нəн терек, ну қарағай, дəу тораңғы,
Өседі бой таласып тең–теңімен.
Бұл жерге келіп пе ең көз танысың ба?
Елінің ентелейді жаны сырға.
Етегін сілкіп қалсаң төгіледі,
Ақ күріш, ақ бидайы, тарысы да.
Сəні бар мұнда тұрмыс–тіршіліктің,
Айғағы ғасырлары кіл шындықтың.
Бір жер бар сауан деген жер ұйығы,
Мен сонда көктеп жүрген бір шыбықпын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter