Өлеңдер ✍️
Атын ұрлатқан кедей
Қайран менің тарланым!
Қарақшының тақымында кеттің бе,
аш арланның алқымында кеттің бе –
жер-көк кезіп шарладым,
із-түзіңді біле алмастан сарнадым.
Кеттің бе екен көкке ұшып?
Арандатты-ау көрде өкіргір көп пысық –
жалғыз атты ұрлап тынды ақыры
өртенгірлер өзегіне от түсіп.
Енді қайттім?
Қалай, қайтіп күн көрем,
атсыз өмір ажалыңмен бір деген.
Қатын-бала қамын қалай шертермін,
қараша да қол созып тұр іргеден.
Көзсіз бе едің, о құдай!
Байдың атын алсаң еді жалы – шүйгін,
жоны – май.
«Ат ұрласаң – ажалыңа», – деуші еді,
мені таңдағаның қалай, өлім-ай?!
* * *
Киелі кəрі Питер – өнер жері,
сезімдей ақ түндердің өлең-демі,
есен-сау жүрсіңдер ме, Жамбылымның
жыр еткен ленинградтық өрендері?!
Өмірдің жадымызда сын шақтары,
сонда елді өлімдерден жыр сақтады.
Есен-сау жүрсіңдер ме, Питердегі
ержүрек өрендердің ұрпақтары!
Ежелден бір қынжалдың қос қырымыз,
кеудеде жасырынған жоқ сырымыз.
Кешегі қантөгісте қару емес –
ажалдан сақтап қалған достығымыз.
Сынбаған соғыста да, құрымаған,
быт-шыт боп жатыр бүгін ұлы ғалам.
Өзіңе қуат құйса Жамбыл-əуен,
нəр берген Берггольцтың жыры маған.
Алқымдап ақша-дəуір əлсіз жанды,
кешіп жүр Ар мен Ұят қар-сыздарды.
Жалғаған жүректерді сол жарасым
ұрпаққа үлгі болып қалсын мəңгі
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter