Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  160


Автор: Фариза Оңғарсынова

Тарғыл тірлік

Аспан тарғыл, жер тарғыл, тарғыл үміт,
төзім-тасты жұқартты жаңбыр үгіп.
Сары даладай сабырлы санама кеп
сахараның құйыны салды бүлік.
Сəн-салтанат жырақтар бүлікті елден:
əйел – долы, қыз – бетпақ, жігіт – кердең.
Қыздың жиған жүгіндей тең-тірлігің
қасаптағы ешкідей жіліктенген.
Жермен, көкпен өмірім үйлесті еді:
үзік бауым өрнекті, ши кестелі...
Жарастығым жоғалды үйім құлап,
жұмыр Жерде қаңбақтай күй кешкелі.
Ойым кетті жинаған керегеде,
тойым кетті қираған тегенеде.
Пайымдау жоқ, ойың жоқ, жебір тірлік,
«саналы өмір кешпейсің неге?» – деме.
Санам сарсаң, ой сарсаң, түк ұқпаймын,
сарсаң өмір кешкенге туып па Ай, Күн?!
Қара құйын қиратып шаңырағын,
шашыраған салдырап уықтаймын.
* * *
Билік деген – бір айдын
ақылсызға жел берер:
кенжесіндей Құдайдың
алшаңдайды пенделер.
Билік құрған есердің
бар азабын ел көрер:
күнін кешіп мешеудің,
шарасыз ел сенделер.
Билік тисе тектіге,
жаны жұмсақ, кең келер,
ойлайтыны жер мен ел,
теңсіздікті ол теңгерер.
Қариясын қадірлеп,
талаптыға жол берер,
қайғылының қамын жеп,
адалдарға қол берер.
Көргенді ме, харам ба,
тоты ма, əлде торай ма –
білгің келсе,
адамға
билікті бер – сол айна!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу