Өлеңдер ✍️
Арыстанды-Қарабастың дауылы
Қазық-жұмыс, қазық-үйге байланып,
жүрегім де майланып,
бара жатыр менің жаным күн сайын
қасаңдыққа айналып;
көкірегімде – тұлпар емес – шабан жыр,
оның өзін басыр ойлар қамап жүр,
кеуделерді қақыратар дабылы –
Арыстанды-Қарабастың дауылы
керегіп тұр маған бір!
Қағындырар шемен болған шаңымды
шаңға бөккен жанымды.
Жүрегімнің баяғы бір лүпілін
Сезімім мен сенімімнің жыр тілін,
түндерімді ілінбейтін кірпігім,
аңғалдықтың бала қылық əлемін,
күйіп-жанған махаббаттың əлегін –
бəрін-бəрін қайтаратын сəтке бір,
көрінетін тəтті өмір,
сезілетін ақ армандай таң алғы,
арман оты жалындаған жанарды,
дос атаулы айнымастай көрінген,
Күннің нұры тарқамастай көгімнен –
қайтар маған,
шаңдарды қақ мендегі,
Қаратауым, киелім ең жердегі –
аршы мені тозаңынан уақыттың
аймаласын бақыт-күн,
дауылыңмен емде бүгін сен мені,
аш құрысқан кеудені,
Арыстанды-Қарабастың желдері!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter